Жоғарғы Сотта Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сотта Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.

Жоғарғы Сотта Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті

Іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Жоғарғы Соттың судьялары, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының мүшелері, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, отставкадағы судьялар, сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Салтанатты іс-шараны аша отырып, Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми жиынға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, еліміздің тәуелсіздігі - барша қазақстандықтардың басты құндылығы екенін айрықша атап өтті.

Қ.Мәми: «Бүгінде елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алға қойған іргелі міндеттерді орындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Ең басты мақсат - 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл жай меже емес. Ел тұрғындары үшін бұл көрсеткіш нақты қолданбалы сипатқа ие. Бұл, ең алдымен, ел азаматтарының әл-ауқатының жақсаруы, өмір сүру сапасының артуы.

Қазіргі күрделі экономикалық ахуалға, ғаламдық және аймақтық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан өз мақсатына қарай сенімді қадам жасауда. Бұған Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты 2016 жылға арналған Жолдауында көзделген мақсат-міндеттер дәлел бола алады», - деді.

Бұған қоса, Жоғарғы Сот Төрағасы «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспары ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсерудің тиімді жолы екендігін атап өтті.

Тәуелсіздік күнін мерекелеу құрметіне орай судьялар мен сот жүйесінің бірқатар қызметкерлері түрлі марапаттарға, айрықша белгілерге, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Әскери сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы С.Байбатыров «Парасат» орденімен, Жоғарғы Сот судьялары Ө.Қожабаев пен Ұ.Сүлейменова «Құрмет» орденімен марапатталды.

2014-2015 жылдары судья Ұлбосын Сүлейменова Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жаңа редакциясын әзірлеу және қабылдау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болғандығын атап өткен жөн. Осы Кодекске Мемлекет басшысы 2015 жылғы 31 қазанда жариялы түрде қол қойды.

Президент Жарлығымен Ақмола облыстық сотының төрағасы Н.Әбдіқанов, Алматы облыстық сотының судьясы Л.Березовская, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы А.Сағындықова және Жоғарғы Сот Аппаратының бөлім меңгерушісі А.Рахымбекова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Астана қалалық сотының судьясы Р.Жакудина, Қарағанды облыстық сотының судьясы Н.Кузнецова, Алматы қалалық сотының судьясы Е.Нұрәлиев және Жоғарғы Сот Аппаратының бөлім меңгерушісі Д.Омаров Қазақстан Республикасының құрмет грамотасымен марапатталды.

Жоғарғы Соттың Жалпы отырысының қаулысымен Жоғарғы Соттың судьясы Б.Мақұлбековке ұзақ уақыт бойы мінсіз қызмет еткені, еңбегіндегі жоғары жетістіктері мен сот саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрметті судья» атағы берілді.

«Человек и Закон» газетінің және «Право и политика» журналының бас редакторы М. Башимовқа Жоғарғы Соттың «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалі тапсырылды.

Сот жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбегі үшін отставкадағы судья А.Кравченкоға «Сот жүйесінің ардагері» медалі табысталды. Ұзақ жылдар бойы жемісті және мінсіз қызметі, сот-құқықтық жүйесінің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Жоғарғы Сот судьялары Т.Қожан, Қ.Шаухаров, С.Абдрахманов, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы М.Әкетай, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І.Испанов және оның орынбасары Қ.Елібаев түрлі дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасындағы сот төрелігін нығайту мен жетілдіруге қосқан жан-жақты үлесі үшін Жоғарғы Сот судьясы А.Сапароваға және отставкадағы судья Т.Тоғымбетоваға ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісін тапсырды.

Жоғарғы Сот Аппаратының бөлім меңгерушісі Л.Құрмантаева мен оның орынбасары Л.Жақаеваға құрмет грамотасы тапсырылды. Сонымен қатар, отставкадағы судья, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің хатшысы С.Райымбаевқа алғыс хат табысталды.