Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері Әзербайжанда аудит жүргізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының өкілдері Әзербайжан Республикасы Есеп палатасының 2025 қаржы жылындағы қаржылық есептілігіне аудит жүргізіп жатыр. Бұл туралы палатының баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдары басшыларының 2024-2025 жылдары өткен екіжақты кездесулері мен өзара сапарларының қорытындысы бойынша аудит жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тексеру кәсіби ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналды және жоғары аудит органдарының ашықтығы, есептілігі мен тәуелсіздігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Дәрежесі бойынша тең органдардың аудит жүргізу практикасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және әлемнің аудиторлық практикасында кеңінен қолданылады.
— Бұл аудиттің мақсаты — халықаралық бухгалтерлік есеп және аудит стандарттарына сәйкес Әзербайжан Есеп палатасының қаржылық есептілігінің анықтығын бағалау. Аудиторлық рәсімдер мыналарды қамтиды: нормативтік базаны және қаржылық құжаттаманы алдын ала талдау; ішкі бақылау жүйесін бағалау; қаржылық есептіліктің толықтығы мен анықтығын тексеру; жауапты лауазымды адамдармен әңгімелесу. 2026 жылғы 17-20 ақпан аралығында аудиторлар Баку қаласына барып, аудит жүргізді. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының делегациясын Әзербайжан Есеп палатасының төрағасы Вюгар Гюльмамедов қарсы алды. Тексерілетін органның бейіндік бөлімшелерімен де жұмыс кездесулері өтті, — делінген хабарламада.
Жұмыс қорытындысы бойынша қаржылық есептіліктің анықтығын бағалау және қаржылық басқару мен ішкі бақылау процестерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар беріліп, аудиторлық қорытынды дайындалады. Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдары тәжірибе алмасуды жалғастыруға, жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымдары шеңберінде өзара іс-қимылды кеңейтуге және мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті.