Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі енгізіледі — Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM — Рейтингтік көрсеткіштері жақсы жоғары оқу орындарына қосымша академиялық дербестік беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. 

Саясат Нұрбек
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Азаматтардың жоғары білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. 2025 жылғы 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы жоғары білімді қаржыландырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізу туралы заңға қол қойды. Модель кадрларды даярлау сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарын қалыптастыруға бағытталған, — деді ол.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырысты бөлу және орналастыру экономиканың қажеттіліктеріне шоғырландырылады.

— Сондай-ақ келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарын объективті индикаторлар мен көрсеткіштер негізінде бағалауды қарастыратын ЖОО-лардың ұлттық рейтингі енгізіледі. Рейтинг нәтижелері кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде ескерілетін болады. Рейтингтік көрсеткіштері жақсы жоғары оқу орындарына қосымша академиялық дербестік беріледі, — деді Саясат Нұрбек.

Оның сөзіне қарағанда, жоғары білімді қаржыландыруды әртараптандырудың тағы бір құралы — эндаумент-қорлар.

— 2025 жылғы 30 маусымда Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында Эндаумент-қорлар туралы заң қабылданды. Заңды іске асыру аясында 2026 жылғы 2 ақпанда жаңа заңнамалық модель бойынша Қазақстандағы алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» мемлекеттік тіркеуден өтті, қорға Alageum Electric компаниясы 10 млрд теңге бөлді, — деді министр.

Айта кетейік, Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап жатыр.