Жоғары сот кеңесінің құрамы қайта қаралуы мүмкін - судьялар съезі
АСТАНA. KAZINFORM – Судьяларды іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін Жоғары сот кеңесінің құрамын қайта қарау керек. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуы тиіс.

«Дәл осы мақсатта 2021 жылы Жоғары сот кеңесінен Әділет министрі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы шығарылды. Енді, ары қарай осы жұмысты жалғастыру керек, яғни судьяларды іріктеудегі толық процестің объективтілігін қамтамасыз ету үшін Жоғары сот кеңесінің құрамын қайта қарау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибеде осындай органдарда прокуратура өкілдері болмауы керек деген түсінік бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезі басталды.
Жиында Президент судьялардың жаңа әдеп кодексін қабылдауды қолдады.
Мемлекет басшысы сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек екенін айтты.