Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы жыл сайын өтетін болады - Назарбаев университетінің ректоры Ш.Катсу
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАпарат - Биыл Назарбаев университетінде өткен Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы жыл сайын ұйымдастырылатын болады.
Бұл туралы кеше форумның қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу мәлім етті.
Өткен жылы Назарбаев университеті «Қазіргі білім беру саласындағы үрдістер - 2011» тақырыбында халықаралық конференция өткізген болатын. Оған 8 елден 190-нан астам делегат қатысты. Ғылыми қауымдастық арасында осы іс-шара үлкен қызығушылық туғызды. Сондықтан биыл оның аясы кеңейіп, «Жоғары білім беру саласы көшбасшыларының Еуразиялық форумы» форматында ұйымдастырылды. Осы жолғы мәжіліске 30 мемлекеттің ғалымдары, сарапшылары және университет басшылары қатысып, жоғары білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Олардың ішінде жоғары білім және одан кейінгі білім беру саласының танымал сарапшысы Джамиль Салми, «Әлемдік санаттағы университеттерді құру» кітабының авторы, Кембридж университетінің профессоры Дэвид Бриджес, Пенсильвания университетінің Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мектебінің профессоры, белгілі ғалым Роберт Земский, Лондон университеттік колледжінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бұрынғы ректоры Майкл Уортон және тағы басқа ғалымдар бар. «Қазіргі кезде мұндай форум ТМД елдері аймағында өткізілмейді. Біз болсақ, оны бірінші болып қолға алып, ұйымдастырып отырмыз. Бұдан былай, біз Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумын жыл сайын өткізетін боламыз», - дейді Назарбаев университетінің президенті Ш.Катсу.
Айта кетейік, биылғы форум жоғары оқу орындарын қайта құру, ғылыми-зерттеу университеттерін ашу, ЖОО-лардың бірыңғай қоғамдастық болып қалыптасуы, ғылыми-зерттеулердің сапасын көтеру сияқты білім берудің өзекті мәселелері талқыға салынды. Жоғары білім беруді басқару саласындағы үздік тәжірибені тауып, Қазақстанға әкелу форумның басты мақсаты болып саналады.