Жол ережесін жиі бұзатындар айыппұлды жоғары сомада төлеуі керек – сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат депутаты Марат Қожаев елімізде жол ережесін күн сайын бұзатын жүздеген адам бар екенін айтты.

— Жүйелі түрде жол ережесін жиі бұзатындар үшін, яғни (бір жылда) қасақана бір санаттағы ережені 10 рет қатарынан бұзса, онда 11-ші рет қайталаған жағдайда айыппұл бойынша 50 пайыздық жеңілдікті осы адамдарға қолданбау керек. Бұл ұсыныс ережені жиі бұзбайтын адамдарға қатысты емес, оларға пайыздық жеңілдік сақталуы қажет, — деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жыл ішінде 195 мың жүргізуші 10-нан 50-ге дейін жол қозғалысы ережесін бұзған. Ал 50-ден 100-ге дейін ереже бұзған бірнеше мың жүргізуші бар. Сондай-ақ бір жылда 300 және одан да көп жол қозғалысы ережесін бұзған жүздеген жүргізуші анықталған.
— Күн сайын әдейі жол ережесін бұзатын осы жүздеген адам айыппұлды төлеп, ары қарай жүре береді. Осы адамдар үшін 50 пайыздық жеңілдікті алып тастауды ұсынып отырмын, — деді сенатор.
Еске салсақ, биыл ақпан айында сенатор Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынған еді.
Депутат алдын алу жұмысын күшейту үшін мұндай жүргізушілерді сынақты қайта тапсыруға жіберуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды жүргізуші куәлігінен айыру керек екенін айтты.
Атап айтқанда, елімізде жол ережесін бұзғандар айыппұл салынған күннен бастап бір аптаның ішінде төлесе, онда осы айыппұлдың жартысын ғана өтеу мүмкіндігі жасалған.