«Жол картасы» партияның бақылауында тұр - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Қызылорда облысы әкімдігінде саяси партиялармен байланыс жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда партиялармен байланыс жөніндегі консультативтік кеңес құрылды.
Елбасының Жолдауынан туындаған барлық саяси партияларды елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын біріктіруге бағытталған кеңестің ережесі бекітілді. Онда партиялардың міндеттері мен мүдделері, құқықтары мен құзырына кіретін мәселелер қамтылған.
Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болат Нақыпов «Жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар етті. Биылғы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 6063,8 млн. теңге қаржы қаралған. Оның 4884,3 млн. теңгесі инвестициялық жобаларға бөлінсе, әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге және жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 480 млн. теңге нақтыланған. Сонымен қатар кадрларды қайта даярлауға 699,5 млн. теңге бөлінген. Нәтижесінде, тіркелген жұмыссыздар саны экономикалық белсенді халықтың 0,8 пайызынан 0,5 пайызға төмендеген. Жаңа мамандық иегерлері 3,5 мыңға жетіп, жас мамандар тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік алған.
Күн тәртібіне сәйкес партия жетекшілері өзара ұсыныстарын айтып, ой бөлісті. Қаланың көркейту-көгалдандырылуы, асфальтталған көшелердің қайта бұзылуы жөнінде пікірлері де ортаға салынды.