Жолдағы жүк көліктерін өлшейтін автоматты жүйелерге кім өрт қойып жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің салмағын бақылайтын автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің (АӨЖ) өртенуіне қатысты жыл басынан бері үш жағдай тіркелді. Оқиғалардың себептері мен мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, тағы бір жағдай 28 тамызда «Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 15-шақырымында, Күйгенжар елді мекені маңында болған. Сағат 02:15 шамасында АӨЖ нысанынан өрт шыққан. Ал жүйе көлік құралдарының өткені туралы соңғы деректі оқиғадан бірнеше минут бұрын, 02:11–де тіркеген.
— Оқиға орнына полиция мен криминалистер шақырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, аппараттық шкафтың құрылымдық ерекшеліктерінің арқасында оның ішіндегі жабдықтар жарамды күйде сақталған. Қазір өрттің шығу себебі мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, — делінген хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» мұндай жағдайларға алаңдаушылық білдіріп жатыр. Егер АӨЖ нысандары қасақана зақымдалғаны анықталса, бұл мемлекеттік бақылау жүйесіне және автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ететін мүлікке зиян келтіру ретінде қарастырылуы мүмкін.
Автоматтандырылған өлшеу жүйелері ауыр жүк көліктерінің жалпы салмағы мен осьтік жүктемесін тіркейді. Оның негізгі мақсаты — жолдарды шамадан тыс жүктемеден қорғау.
Мамандардың айтуынша, рұқсат етілген салмақ нормаларының тұрақты түрде бұзылуы жолдардың тез бұзылуына, ойықтар мен деформациялардың пайда болуына және жөндеуаралық мерзімнің қысқаруына әкеледі.
«ҚазАвтоЖол» жүк тасымалдаушыларды белгіленген салмақ және осьтік жүктеме нормаларын қатаң сақтауға үндеді. Компанияның ұстанымы бойынша, бақылау жүк көліктеріне емес, артық жүкке қарсы жүргізіледі.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне маңызды ескерту жасағанын хабарлағанбыз.