Жолдау талаптарын орындауда жұртшылықтың сеніміне сүйеніп жұмыс атқаратын боламыз - Ә.Әбжанов
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттердің қалай орындалғалы тұрғанын сұрағанымызда осылай деді.
- Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын бұл құнды құжатын облыстық ішкі істер департаментінің ұжымы тікелей эфирден айрықша ден қоя тыңдады, - деді ол. - Біздің барлығымыздың пікірімізше, онда біздің еліміздің барлық басты салаларының негізгі бағыттары, соның ішінде сот және құқық қорғау органдарының келешегі жайлы барынша ашық айтылды. Президент құқық қорғау органдарының жеке құрамын 1 шілдеге дейін қайта аттестациядан өткізіп, кадрлық жағынан жаңаруға бағыт ұстауды тапсырды. Бұл негізінен салаға, соның ішінде ішкі істер жүйесіне кездейсоқ, өз ісін жете бағаламайтын адамдардың еніп кетпеуі, онда моральдық жағынан таза, нағыз кәсіпқой мамандардың қызмет етуі үшін жасалғалы жатыр.
- Осы орайда біз жұмысқа жауапсыз қарайтын қызметкерлерден құтылатын боламыз, - деді бұдан әрі Әлімхан Досыбайұлы. - Ал олардың арасында құқықтық тәртіпті бұзғандар болса, қылмыстық іс қозғаймыз. Полиция қызметкерлерінің беделін көтеріп, жұрттың құрметі мен сенімінен табылу үшін біз өз міндетімізді қашанда таза және абыроймен атқаруымыз керек. Адамдармен өзара сенімді қарым-қатынас орната білуіміз керек. Сонда ғана біз құқық бұзушылармен күресте жұртшылықтың қолдауы мен көмегіне ие бола аламыз. Жолдауда Елбасы «Жаңа құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану, жұртшылықты жемқорлық тәртіп бұзушылықты ескерту мен алдын алуға кеңінен тарту керек», деп нақтылы атап өтті. Біз, міне, осы үдеден шығу үшін күресеміз.