Жолдау жүгі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуді талап етеді - Б.Жарылқап
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша аудан активінің кездесуі өтті. Бұл туралы Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары, жергілікті және аумақтық атқарушы орган басшылары, ардагерлер мен жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аудан активінде аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқап Елбасы Жолдауының бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатын одан ары арттыруға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті.
«Бұл жолдау Қазақстанның жаңа жаһандық ортадағы орнын анықтау, жаңа жағдайдағы іс-әрекетін белгілеуге арналды. Заманның талабы, Елбасы жариялаған Жолдаудың жүгі - еліне жанашыр ортаның «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іске кірісуін талап етеді. Өйткені Жолдаудың әрбір жолында миллиондаған халықтың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты Президентіміздің қамқорлығы мен қолдауы жатыр», - деді ол.
Мемлекет басшысы бұл жылғы Жолдауында да шағын және орта бизнеске баса назар аударып отыр. Кәсіпкерлерге «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады» деген еді Елбасы.
Қазір ауданда бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы басталғалы ауданда 15 жоба толық іске қосылып, 188 жаңа жұмыс орны ашылды.
Аудан активінде сөз алған түрлі сала өкілдері Елбасы Жолдауына байланысты алда тұрған міндеттерді орындауға атсалысатындықтарын айтып, осы жолда бірлесе жұмыс істеуге сенім білдірді.