Жолдауға сәйкес сот жүйесі саласына да нақты міндеттер қойылып отыр - Бек Әметов
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында сот жүйесі саласына да нақты міндеттер қойылып отыр. Бұл туралы БҚО сотының төрағасы Бек Әметов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, Жолдауда айтылған бірінші басымдылық экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы болса, екіншісі - бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, үшінші басымдылық - макроэкономикалық тұрақтылық, төртіншісі - адам капиталының сапасын жақсарту, бесіншісі - институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Басым бағыттарды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың, соның ішінде еліміздің сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының алдында тұрған міндеттер де ауқымды. Елбасының Жолдаудағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу қажет», деген бір сөзінің астарында сот жүйесіне артылып отырған барша міндеттер мен тапсырмаларды орындаудың салмағы мен жауапкершілігі жатыр.
Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми саланың Жолдауды талқылауға арналған жұмыс бабындағы кеңесінде: «Сот жүйесі құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ете отырып, Жолдауды табысты іске асырудың маңызды буыны болып табылады», - деп атап көрсетті. Соттар сот жүйесіне тән бағыттар бойынша ғана емес, өз құзыреті шеңберінде Жолдауда белгіленген еліміз үшін маңызды өзге де барлық басым бағыттарды іске асыруға белсене атсалысуы қажеттігі айрықша аталып өтілді.
Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың кең ауқымды мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында күнделікті неғұрлым жиі кездесетін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тізімі айқындалуда. Соттар әуелгі кезекте жеке меншікті қорғауға, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдауға, салық-бюджет саясатын жақсартуға, бюджетті оңтайлы қолдануға, инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыруға, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыруға қатысты мәселелеріне ден қойып отыр.
Жоғарғы сот Жолдаудың басымдықтары бойынша сот практикасына қорыту жүргізіп, заңнаманы қайта тексерістен өткізуді және тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын бастап та кетті.
Қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде коллекторлық қызмет туралы заң жобасы бойынша және банктерге арнайы талап-арыздардың ескіру мерзіміне қатысты бірқатар түзетулер ұсынылды.
Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесіне жіті назар аударылуда.
Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан экономикасының тартымдылығын арттыру жұмысын күшейту бағытында инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасын қорыту, заңнаманы жетілдіру мәселелері қолға алынып жатыр.
Соттар қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыру, мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіре отырып, аз көлемде айыппұл салу институтын қайта қалпына келтіру мәселелеріне көңіл бөліп отыр.
Жолдауда көрсетілгеніндей, әлемде төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Ол сандық технологияларға иек артады. Ал экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Еліміздің сот жүйесінде жаңа технологияларды енгізу қазірдің өзінде тиімділігі мен нәтижесін беріп отыр.
Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамын жүзеге асыру барысында барлық соттар аудио және бейне құрылғыларымен қамтамасыз етілді.
Сот процестерінің аудиобейнежазба құрылғылары орнатылған залдарда өткізілуі әділ сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне, судьялар мен сот талқысына қатысушылардың процессуалдық нормаларды сақтауына оң ықпал етті. Судьялардың жұмысын оңтайландырып, бюджет шығындары мен сот өндірісіне қатысушылардың қаржысын, уақытын үнемдеуге, сот отырысы хаттамасының сапасын арттыруға, мәселелерді объективті түрде шешуге мүмкіндік берді.
Жалпы, бүгінде сот үрдістерін дыбыс және бейнетаспаларына жазу жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр. Сот отырыстарына дыбысбейне тіркеу жүйесін енгізу бұл біршама айқын, қолжетімді және заңның үстемдік етуіне негізделген, уақыт талабына сай сот төрелігін құру жолындағы қадам екендігін дәлелдеді.
Жолдауда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды. Мұндай жұмыстардың мемлекеттік биліктің сот тармағында біркелкі табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында «Төрелік», «Сот кабинеті» және басқа сервистер бар. Пошта байланыстарының орынын ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, SMS хабарлама, электрондық бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды пошта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналып барады. Жолдау талаптарын жүзеге асыру барысында бұл жұмыстар одан әрі дамытыла береді.
Озық технологияларды енгізуде сот жүйесі жолбасшылық тізгінін бекем ұстап келеді. Жоғарғы соттың сайты Қазақстандағы мемлекеттік органдар сайттарының үздігі болып танылып отыр. Жалпы, сот жүйесінде енгізіліп отырған барлық жаңа сервистік қызметтер халықтың сот құжаттарына қолжетімділігін арттырып, олардың сотқа деген сенімділігін одан әрі нығайта түседі.
Үшінші жаңғыру жаһандық бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталып отыр. Оған жеткізетін жол сандық технологияларға негізделген келешегі зор салаларды дамыту болып табылмақ. Оның қатарында Жолдаудың екінші басымдылығы бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтудің алатын орыны ерекше. Қазақстан экономикасының өзегі шағын және орта бизнес пен шағын кәсіпкерлік болмақ. Жалпы, қай-қай дамыған елдің де экономикалық әл-аухатын жақсартудың көзі халықтың жаппай еңбекке жұмылуынан көрініс табады.
«Бизнес ортаны кеңейту мен жаппай кәсіпкерлік үшін жағдайларды жақсартудың қағидатты маңызы бар. Бұл үшін мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту қажет. Бизнес үшін барлық ықтимал шығындарды төмендетіп, мемлекет - жекеменшік серіктестігін дамытқан жөн. Өсімнің болашақ моделінің буындары қатарында агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика бар» деп атап көрсетілді Елбасының Жолдауға қатысты мәлімдемесінде.
Осы мақсаттарға орай елімізде меншікті мемлекет иелігінен алып, кәсіпорындарды жекешелендірудің кешенді бағдарламалары қарқынды жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Жолдауда бұл бағыттағы жұмысты тездетіп, 2018 жылға дейін аяқтау, ірі компанияларды жаһандастыру талаптарына бейімдеу, қысқасы, 2020 жылға дейін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды жеке секторға беру көзделіп отыр. Бұл осы жұмыстардың жүзеге асырылуының заңдылығы мен әділеттілігін қамтамасыз етудің кепілі болатын соттарға да зор жауапкершілік пен міндет жүктейді.
Орта және шағын бизнесті, кәсіпкерлікті қорғау сот төрелігін атқарудың ғана емес, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырудың да маңызды мәселесі болып қала береді. Жоғарғы сот бұл бағыттар бойынша қазірдің өзінде нақты жұмыстана бастады. Жекеменшікке қол сұғатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың санаттары бойынша сот тәжірибесін талдау және осы құқықбұзушылықтарды жасаудың негізгі себептерін айқындау міндеті қойылып отыр.
Бизнес ортаны жақсарту және кеңейту мақсатында биыл Жоғарғы соттың «Салық заңнамасын қолдану бойынша сот практикасы туралы» жаңа нормативтік қаулысы қабылданбақ.
Салық - бюджет саясатын жақсарту мақсатында мүліктік және көліктік салықтар бойынша салықтық қарыздарды өндіріп алу туралы дауларды соттан тыс шешу тәртібі бойынша құралдарды әзірлеу міндеттеліп отыр. Сонымен қатар «Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер» мен «Кеден ісі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге салық жинау және кеден ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына ұсынымдар әзірленбек.
«Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін үшінші жаңғыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы өзінің заңды арнасын тапқанда ғана дамудың келесі көкжиектеріне сеніммен қадам басары сөзсіз», деп түйіндеді ойын Б.Әметов.