Жөндеу жоқ, несие бар: Астанадағы құрылыс дауына қатысты күдікті неге әлі бостандықта жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Ресми келісімшартқа сеніп, миллиондаған теңге төлеген азаматтар бүгінде ақшасын қайтара алмай жүр. Неліктен күдікке ілінген адам бостандықта жүр, ал тергеу ісі созылып келеді?

Жөндеу жоқ, несие бар: Астанадағы құрылыс дауына қатысты күдікті неге әлі бостандықта жүр
Коллаж: ЖИ

Зардап шеккендердің айтуынша, қымбат жарнама мен елордадағы еңселі кеңсе сырт көзге сенім ұялатқанымен, оның артында адамдарды үлкен шығынға ұшыратқан жүйе тұрған. Азаматтар бар жиған-тергенін салып, тіпті несие де рәсімдеген. Бірақ кейін олар жөнделмеген пәтер мен мойнындағы несиемен ғана қалғанын айтып отыр.

Миллиондардан айырған схема қалай жұмыс істеді

Елордадағы жөндеу және әрлеу қызметі саласында компанияның беделі мен имиджі үлкен рөл атқарады. Зардап шеккендердің айтуынша, «KEN remont» компаниясы клиенттерді кездейсоқ емес, нақты жоспарланған тәсілдер арқылы тартқан. Бұл үшін сенім ұялататын бірнеше әдіс пайдаланған. Клиенттерді тарту бірнеше кезеңнен тұрады.

Белсенді жарнама. Компанияны Instagram мен 2GIS секілді платформаларда кеңінен насихаттаған. Әлеуметтік желілерде жөндеуден өткен пәтерлер мен сәнді интерьерлер көрсетілген бейнероликтер жарияланып отырған. Ал пікірлердің аздығына қатысты сұрақтарға менеджерлер «парақшамызды бәсекелестеріміз бұзып жатыр» деп жауап берген.

Сенім ұялататын орта. Клиенттермен кездесулер бизнес-класс санатындағы тұрғын үй кешенінде орналасқан кеңседе өткен. Кеңсенің өзі шамамен 120 шаршы метр. Бұдан бөлек, тапсырыс берушілерге дайын жөндеуі бар шоурум-пәтер көрсетіліп, компанияның мүмкіндігі мен тәжірибесін таныстырған.

Клиентті психологиялық қысым жасап, асықтыру тактикасы. Клиент сенім білдіргеннен кейін менеджерлер келісімшартқа тезірек қол қоюды талап еткен. Олардың айтуынша, төлем дәл сол аптада жасалмаса, жеңілдік күшін жояды немесе жұмыс бригадалары басқа нысандарға кетіп қалады. Соның салдарынан адамдар шешімді асығыс қабылдауға мәжбүр болған.

Зардап шеккендердің бірі Ерназар Мұстафин құрылыс компаниясымен қалай байланыс орнатқанын егжей-тегжейлі айтып берді.

— Мен бұл компанияны жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер іздеп жүргенде Instagram мен 2GIS арқылы таптым. Білгенімше, басқа зардап шеккендердің көбі де осы жолмен келген. Компания өзін сенімді әрі табысты ұйым ретінде көрсетті. Кеңсесі бизнес-класс тұрғын үй кешенінде орналасқан, клиенттерге дайын жөндеуі бар кең шоурум-пәтер көрсеткен. Бізге бәрі кәсіби әрі сенімді көрінді. Сондықтан ол кезде ешқандай күмән туындаған жоқ, — дейді Ерназар Мұстафин.

Оның айтуынша, баға мәселесі талқыланған кезде менеджерлер клиенттерді төлем жасауға үнемі асықтырып отырған.

— Бізге бағаны бекітіп, жеңілдікті сақтау үшін төлемді дәл осы аптада жасау қажет екенін қайта-қайта айтты. Мұның бәрі шұғыл шешім қабылдауға итермеледі. Оның үстіне әңгіме аз ақша туралы емес еді. Мысалы, менің келісімшартымның құны 10 миллион теңгені құрады. Алғашқы төлемді жасау үшін банк арқылы несие рәсімдеуге тура келді. Басқа зардап шеккендердің арасында да дәл осы компанияның қызметін төлеу үшін бөліп төлеу бағдарламасын немесе арнайы несие алғандар көп, — дейді ол.

Дизайн-жоба уақыт созудың құралына айналған

Зардап шеккендердің айтуынша, алғашқы төлемдер жасалып, банктен түскен қаражат компания шотына аударылғаннан кейін тапсырыс берушілерге деген көзқарас күрт өзгерген. Пәтерлердегі нақты жөндеу жұмыстары айлап басталмай, оның орнына клиенттерге тек дизайн жобасының нобайлары ғана көрсетілген.

Компанияның уәдесі мен нақты жағдайдың арасындағы айырмашылықты тапсырыс берушілер бірден аңғармаған. Әуелде олар күтіп, компания өкілдерінің түрлі сылтауларына сенген. Алайда кейін әлеуметтік желідегі өзгерістер күмәнді одан әрі күшейткен.

Ерназар Мұстафин мәселенің қаншалықты күрделі екенін қалай білгенін айтып берді.

— Келісімшартқа қол қойып, 7 миллион теңгені қолма-қол және банк арқылы төлегеннен кейін де жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Бізге айлар бойы тек уәде беріп келді. Жұмыс жүріп жатқандай әсер қалдыруға тырысты, алайда тіпті дизайн жобасы да аяқталмаған. Желтоқсан айының соңында компания 2GIS-тегі пікір қалдыру мүмкіндігін жапты. Артынша Instagram желісіндегі пікірлерді де өшірді. Осыдан кейін басқа клиенттерді іздей бастадым. Сөйтсем, біз жалғыз емес екенбіз. Көпшілігінің жағдайы бірдей болған: ақша төленген, бірақ жөндеу жұмыстары басталмаған, — деді ол.

Әлеуметтік желілердің бұғатталуы зардап шеккендердің бір-бірін іздеп тауып, бірігуіне себеп болған. Өзара сөйлесе келе олар мұның жай ғана компанияның уақытша қиындықтары емес, алдын ала ойластырылған жүйе болуы мүмкін деп күмәндана бастаған.

Жөндеу жоқ, несие бар: Астанадағы құрылыс дауына қатысты күдікті неге әлі бостандықта жүр
Коллаж: ЖИ

Ақшасынан айырылған тапсырыс берушілер не дейді

Компанияның жарнамасы мен уәдесіне сенгендердің арасында түрлі жастағы адамдар болған. Көпшілігі үшін бұл оқиға қаржылық тұрғыдан ауыр соққыға айналды.

Зардап шеккендердің бірі Берік Қалимовтың айтуынша, келісімшартқа қол қою кезінде ешқандай күмән туындамаған. Барлығы заң талаптарына сай рәсімделгендіктен, ол компания өз міндеттемелерін орындамайды деп ойламапты.

— Бізге жөндеу жұмыстары бір жарым айда аяқталады деп уәде берді. Кеңсе де, қызметкерлер де, презентациялар да ресми әрі шынайы көрінді. Қызмет ақысын толық төледік, оның ішінде несиеге алған ақша да бар. Бірақ кейін жөндеу мерзімі қайта-қайта кейінге шегеріліп, ақыр соңында ешқандай жұмыс жүргізілмей жатқаны белгілі болды. Мен үшін бұл өте ауыр жағдайға айналды: жөндеу жоқ, ал банк алдындағы қарыз сол күйі қалды, — дейді Берік Қалимов.

Қабышевтер отбасының оқиғасы

Зардап шеккендердің ішінде Талғат Қабышев пен жұбайы Айгүл Адамбекованың жағдайы көпшіліктің назарын аударған. Ерлі-зайыпты Алматыда тұрады, ал Астанадағы пәтерді жөндеу мәселесімен олардың ұлы айналысқан. Талғат Қабышев те, Айгүл Адамбекова да екінші топтағы мүгедектігі бар жандар. Сондықтан бұл отбасы үшін салынған қаржының маңызы ерекше болған.

Талғат Қабышев тілшіге компаниямен арадағы қарым-қатынастың қалай өрбігенін басынан бастап айтып берді.

— 2025 жылғы 17 қыркүйекте Instagram желісіндегі жарнама арқылы тапқан компаниямен келісімшарт жасадық. Кеңседе қызметкерлер мен заңгерді таныстырды. Айнұр есімді қызметкер құрылыс материалдарын көрсетіп, пәтерді бір жарым айда толық жөндеп береміз деп уәде етті. Аумағы 37 шаршы метр болатын пәтерді жөндеу құны 2 911 410 теңге болып белгіленді. Біз бұл соманы толық төледік: алдымен 50 пайыз алдын ала төлем жасадық, қалғанын дизайн-жоба дайын болғаннан кейін аудардық. Бірақ арада бір ай өтсе де жұмыс басталмады. Жұмыс мерзімі үнемі шегеріліп отырды. Кейін пәтерде мүлде ешкім жұмыс істемегені белгілі болды. Артынша кеңседегі қызметкерлердің бірі компания жабылып қалуы мүмкін екенін және қаражат жоқ екенін айтты, — дейді Талғат Қабышев.

Кейін Талғат Қабышевтің қызы компания басшысы Қайырбек Сансызбаймен кездескен. Оның айтуынша, директор сол кезде 500 мың теңге қайтарып, қалған ақшаны кейін беруге уәде еткен.

Ал қараша айында Талғат Қабышевтің өзі Астанаға келіп, компания директорынан қарызды бір ай ішінде өтейтіні туралы қолхат алған. Алайда көп ұзамай компания басшысының телефоны өшіп, байланысқа шығуды тоқтатқан.

Ақшасын қайтаруға тырысқан Алматы тұрғыны кейін азаматтық сотқа жүгінген. Сот оның пайдасына шешім шығарғанымен, компания есепшоттарында қаражат пен активтердің болмауына байланысты ақша өндіріп алу мүмкін болмаған.

— Біз сотқа жүгініп, істі жеңіп шықтық. Бірақ ақшаны өндіріп алу мүмкін емес, себебі компанияның есепшоттарында ешқандай актив жоқ болып шықты. Кейін өзіміз сияқты зардап шеккендердің ондаған адам екенін білдік. Содан кейін бәріміз бірігіп, ортақ топ құрдық. Алайда бірнеше жылдан бері іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Жеке сот орындаушысы бұл адамды жауапкершілікке тарту мүмкін емес екенін ашық айтты. Ал алаяқтық бабы бойынша іс қозғау да қиын болып тұр. Өйткені құжат жүзінде бәрі заң талаптарына сай рәсімделген: келісімшарт бар, мөрі бар, барлық құжат дұрыс толтырылған, — дейді Талғат Қабышев.

Осылайша, зардап шеккендер тығырыққа тірелген. Олардың айтуынша, ресми келісімшарттар мен компания құжаттарының болуы бұл жағдайды қылмыстық іс емес, азаматтық-құқықтық дау ретінде қарастыруға негіз болып отыр. Соның салдарынан тапсырыс берушілер мәселені алаяқтық ретінде қаратуға тырысқанымен, іс ұзақ уақыт бойы азаматтық дау шеңберінен шыға алмай келеді.

Үш жылға созылған тергеу

Зардап шеккендер мемлекеттік органдардың назарын аударту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Қазір олардың чатында шамамен 40 адам бар.

Топ өкілдерінің айтуынша, ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдары тарапынан нақты әрекет байқалмаған. Соның салдарынан іс материалдары қозғалыссыз қалып, тергеу баяу жүрген. Тек 2026 жылдың басында жаппай арыз-шағымдар түскеннен кейін ғана іс алға жылжи бастаған.

— Қазіргі уақытта аталған ЖШС мен жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бастамашыл топтағы зардап шеккендердің саны 40-тан асты. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 100 миллион теңгеге жетеді, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Арыздар бұған дейін жазылған, ал сотқа дейінгі тергеу 2024 жылдың қаңтарында басталған. Соған қарамастан ұзақ уақыт бойы іс баяу қаралды. Тек 2026 жылдың ақпан айында тергеу жұмыстары қайта жанданғаны белгілі болды, — дейді Ерназар Мұстафин.

Қаржылық қиындықтар мен ішкі мәселелер: компания директоры не дейді

Материалды әзірлеу барысында тілші компания директоры Қайырбек Сансызбаймен байланысып, пікірін сұрады. Компания басшысы аяқталмай қалған нысандар мен кейбір тапсырыс берушілер алдындағы берешектің барын жоққа шығармайды. Алайда оның айтуынша, жағдайдың бұлай өршуіне компания ішіндегі қаржылық қиындықтар мен қызметкерлердің жіберген қателіктері себеп болған.

Қайырбек Сансызбайдың сөзінше, қиындықтар басталғанға дейін компания бірнеше жыл бойы тұрақты жұмыс істеп, көптеген жобаны жүзеге асырған.

— Кейін компания қаржылық қиындықтарға тап болды. Қазір аяқталмай қалған нысандар бар, ал компанияның өзі шамамен екі жылдан бері іс жүзінде жұмыс істемейді. Маған түскен қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын түсіну үшін сыртқы аудит жүргізуге бастамашы болдым. Тексеру барысында кейбір қызметкерлердің клиенттердің ақшасын иемденгені және бірқатар қосымша келісімдердің менің қатысуымсыз рәсімделгені анықталды. Соның бәрі ақырында компанияның жұмысының тоқтауына алып келген күрделі дағдарысқа ұласты, — дейді Қайырбек Сансызбай.

Компания басшысының айтуынша, мәселе анықталғаннан кейін клиенттерге жағдай түсіндіріліп, әр тапсырыс беруші алдындағы берешек көлемін нақтылау үшін арнайы келісімдер жасалған. Қазір негізгі мақсат — қарыздарды кезең-кезеңімен өтеу.

— Барлық нысанды аяқтай алмайтынымды түсінген кезде бұл туралы клиенттерге бірден хабар бердім. Қарыз сомасын нақты бекіту үшін келісімшарттарды бұзу туралы келісімдер жасауды ұсындым. Соңғы бір жарым-екі жыл ішінде адамдармен біртіндеп есеп айырысып келемін. Әрине, бәрін қалағанымдай жылдам атқару мүмкін болмай жатыр. Дегенмен қазіргі басты міндетім — барлық берешекті жауып, алған міндеттемелерімді толық орындау, — дейді ол.

Қайырбек Сансызбайдың айтуынша, кейбір клиенттерге қаражат толық немесе ішінара қайтарылған.

— Кейбір тапсырыс берушілермен толық есеп айырыстым. Біріне шамамен 1 миллион теңге, енді біріне 7 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Бір клиентке 2 миллион теңге толық төленді. Басқаларына 500 мың теңгеден, 1,5 миллионнан, 2-3 миллион теңгеге дейін бөліп төледік. Иә, әлі де қаражатын толық ала алмаған адамдар бар. Бірақ қарызды өтеу жұмысы жалғасып жатыр, — дейді компания директоры.

Өз сөзін растау үшін Қайырбек Сансызбай редакцияға қаржылық мәселе толық шешілген клиенттердің бірінің байланыс нөмірін ұсынған. Тілші бұрынғы тапсырыс беруші Нұрлиспен сөйлескен. Ол тегін жарияламауды өтінді.

— Шынымды айтсам, бұл мәселені қайта қозғағым келмейді. Келісімшартты қайтарып бердім, олар ақшамды қайтарды. Жұмыстың бір бөлігі орындалды, ал орындалмаған бөлігі үшін қаражатымды кері алдым, — дейді Нұрлис.

Оның айтуынша, тараптар арасындағы түпкілікті есеп айырысу шамамен бір жыл бұрын аяқталған. Компания басшысы бұл клиентке қайтарылған қаражат көлемі шамамен 1 миллион теңге болғанын айтады.

Алайда редакция сөйлескен бастамашыл топ мүшелерінің басым бөлігі әлі күнге дейін ақшасын толық ала алмағанын жеткізді. Олар қаражаттарын қайтару үшін құқық қорғау органдарына және сотқа жүгініп жүр. Бұл мәселе бүгінде тараптар арасындағы негізгі даулы жайттардың бірі болып отыр.

Құзырлы органдар не дейді

Істің қазіргі жай-күйін анықтау үшін редакция Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.

Бас прокуратура комитеті редакцияның сауалына төмендегідей жауап берген:

— ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Мұндай ақпарат прокурордың рұқсатымен ғана және тергеуге зиян келтірмеген жағдайда берілуі мүмкін. Осыған байланысты іс бойынша мәліметтер жариялауғаберілмейді, — деп хабарлады Бас прокуратура.

Ал Ішкі істер министрлігі, нақтырақ айтқанда Астана қалалық полиция департаменті, кейбір деректерді нақтылағанымен, тергеу барысына қатысты толық ақпарат беруден бас тартты.

— Астана қаласының полиция департаменті аталған мекемеге қатысты алаяқтық дерегі бойынша 16 жәбірленушінің арызы негізінде қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның ішінде жәбірленушілердің уәждері де тексеріліп жатыр. Қалған мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді, — деп мәлімдеді ведомство.

Зардап шеккендердің айтуынша, іс бойынша негізгі тұлғаға қатысты қандай да бір шектеу шаралары енгізілмеген.

— Бұл жағдайдағы ең түсініксіз нәрсе — Қайырбек Сансызбайдың әлі күнге дейін бостандықта жүруі. Ол шетелге еркін шығып-келеді, есепшоттары да бұғатталмаған. Зардап шеккендер миллиондаған теңге несиесін өтеумен әлек. Ал ондаған отбасыны жүздеген миллион теңге шығынға ұшыратты делінген адам әлі күнге дейін ешқандай жауапкершілік арқалаған жоқ, — дейді Ерназар Мұстафин.

Зардап шеккендер компания өз міндеттемелерін толық орындамағанын айтып, қаражаттарын қайтаруға тырысып жатыр.

Ал компания директоры болса ұйымның жұмысы қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтағанын, сондай-ақ кейбір клиенттерге қаражат толық немесе ішінара қайтарылғанын алға тартады.

Істің барлық мән-жайы анықталып, оған құқықтық баға беріле ме, жоқ па — оны уақыт көрсетеді. Әзірге бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.