Жойылуға шақ қалған қаяз бен пілмай Аралға қайта оралды — балықшы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Балықшы Қылышбек Байбосынов Арал ауданындағы Қамыстыбас балық питомнигінде қырық жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол — мұнда тоған бригадирі.

Кәсіпорын Арал ауданының Қосжар елді мекенінде орналасқан, қызметіндегі басты бағыт — мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Кіші Арал теңізін, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көлін құнды балық түрлерімен толтыру.
Қосжардан бөлек, Қаратерең ауыл округіне қарасты Тастақ елді мекенінде бөлімшесі бар.
Тоған бригадирінің айтуынша, питомник жұмысшылары жылына 50 миллионға жуық дернәсіл, 12 миллиондай бір жаздық және 420 мыңдай екі жаздық құнды балық түрлерін, оның ішінде тұқы, дөңмаңдай, ақ амурды өсіріп, су айдындарына жібереді.

— Өзім өсірген су маржандарының арасынан ең кірпияз, нәзік балық деп дөңмаңдайды айтар едім. Өйткені ол көп күтімді қажет етеді. Басқа балықтарға қарағанда қатты ыстыққа төзімсіз. Балық шаруашылығы — қиындығы мол кәсіп, ешқандай қателесуге болмайды. Себебі сенің бір ғана қателігің миллиондаған балықтың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан күн мен түнді елемей, бар уақытыңды, назарыңды тек жұмысқа аударуыңа тура келеді, — деді Қылышбек Байбосынов.
Кейіпкеріміз әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі барын айтты. Қыста тоғандардың мұзын ойып, балықтардың жай-күйін бақыласа, мұзы толық ерігесін сәуір айында тұқы, дөңмаңдай, ақ амур балықтарын бөліп, жайылым тоғандарға жібереді.
— Негізгі жұмыс осыдан кейін, яғни мамыр айында басталады. Балықтардың аталығы мен аналығына зауыттық әдіспен инъекция жасап, уылдырық алуға кірісеміз. Дернәсілдерді жасанды жолмен шығарамыз. Бұл процес мамыр-маусым айларында жүреді. Осы аралықта 50 миллионға жуық дернәсіл пайда болады, — деді кәсіпорын өкілі.

Қамыстыбас балық питомнигі екі жыл бұрын Қазақстанның қызыл кітабына енген, жойылуға шақ қалған Арал қаязын жинап, өсіруге ден қойды.
— Сонымен қатар Қазақстанның қызыл кітабында кездесетін, Арал теңізінде жойылып кеткен бекіре тұқымдас Арал пілмайы әкелінді. Келешекте одан өнім алып, қорын арттыру үшін тағы да көптеп әкелуді жөн көріп отырмыз, — деді Қылышбек Байбосынов.
Балықшы Кіші Арал теңізінің толуы ихтиофаунаның дамуына септігін тигізетініне сенімді. Себебі су келсе, балық та, балықтың қорегі де көбейеді деп есептейді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда өндірілетін 50-ден астам атаулы балық өнімі әлемнің 21 еліне экспортталады.