ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов Құрылтай сайлауында дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM — ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов № 332 Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді.
Дауыс бергеннен кейін Асхат Рақымжанов журналистерге бүгінгі күннің маңызына тоқталды.
— Бүгін көптен күткен күн келіп жетті. Бұл күн туралы көп айтылды, бәріміз күттік. Бүгін жаңа өкілді орган — Құрылтай құрылады. Осы орайда барша қазақстандықты құттықтағым келеді. Бұл күн тарихта қалады. Бірнеше сағаттан кейін бүгінгі күннің өзі тарихқа айналады, — деді Асхат Рақымжанов.
Сондай-ақ партия төрағасы сайлауда дауыс беріп, азаматтық борышын орындағанын атап өтті.
— Мен азаматтық борышымды орындадым. Баршаңызға сәттілік тілеймін, — деді Асхат Рақымжанов.
Айта кетейік, бүгін елімізде Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған.