Жітіқарада құрғақ шөп өртеніп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданының Большевик ауылы маңындағы ашық аумақта құрғақ шөп өртеніп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті.
Министрліктің дерегінше, өртті сөндіруге 189 адам және 39 бірлік техника жұмылдырылды. Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер «Өрт сөндіруші» ЖШС, жергілікті атқарушы органдардың, «КМ» АҚ, ПД және Орман шаруашылығы қызметтерінің күштері мен құралдары тартылған.
Өртті сөндіру шөптің биік болуымен және қатты желмен күрделене түскен. Қазіргі уақытта «112» пультіне зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында.
Айта кетейік, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 12 орман өрті тіркелді. Өрттердің басым бөлігі жедел оқшауланып, сөндірілді.