Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ЖТС бойынша жаңа тәртіп: базалық салық шегерімі енді келесі айға ауыстырылмайды

АСТАНА.KAZINFORM — Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық Кодексін енгізу жобалық кеңсесінің 20-шы отырысы өткізілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

ЖТС бойынша жаңа тәртіп: базалық салық шегерімі енді келесі айға ауыстырылмайды
Фото: Үкімет

Отырыстың негізгі тақырыбы — жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша базалық және әлеуметтік салық шегерімдерін қолданудың практикалық мәселелері. 

— Жаңа Салық кодексінің негізгі жаңалығының бірі — салық шегерімдері жүйесін жетілдіру және азаматтарға салық жүктемесін азайту. Атап айтқанда, ай сайын 30 АЕК мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жылда 360 АЕК-тен аспайтын базалық салық шегерімі енгізілді. Ол жеке тұлғаның салық салынатын кірісін азайтады, демек, төлеуге жататын ЖТС сомасын азайтады. Бұдан басқа, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер сақталды, — делінген хабарламада.

Отырыс барысында қызметкердің табыс мөлшері шегерім сомасынан төмен болған жағдайларда базалық салық шегерімін қолдану мәселесі қаралды. Бұрын қолданыста болған Салық кодексі күнтізбелік жыл шегінде салық шегерімдерінің асып кетуін келесі айларға ауыстыруды көздейтін. Кодекстің жаңа редакциясында мұндай норма жоқ.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері базалық шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін ауыстырудың бұрын қолданыста болған тетігін сақтауды ұсынды. Сонымен бірге, мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері жаңа норманың идеологиясы азаматтарды, ең алдымен табысы төмен қызметкерлерді ай сайынғы қолдау шарасы ретінде базалық салық шегерімін беру болып табылатынын түсіндірді. Сондықтан базалық салық шегерімі әрбір күнтізбелік ай үшін жеке қолданылады және пайдаланылмаған соманы кейінгі салық кезеңдеріне ауыстыруды көздемейді.

Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті келесі күнтізбелік кезеңдерге базалық салық шегерімінің асып кетуіне жол берілмейтінін растайтын ресми түсініктемелер дайындайды деп шешілді.

— Отырысқа қатысушылар ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. Салық кодексінде I және II топтағы мүгедек адамдар үшін 5 000 АЕК, сондай-ақ III топтағы мүгедек адамдар, мүгедек балалардың ата-аналары, асырап алушылар, асырап алушылар мен қамқоршылар үшін 882 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімі көзделген, — деп түсіндірді Үкіметтен.

Отырысқа қатысушылар Салық кодексінің қолданыстағы редакциясы жұмыс берушінің ауысуы кезінде әлеуметтік салық шегерімінің пайдаланылмаған сомасын есепке алу мүмкіндігін көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар Кодексте жеке тұлға бір мезгілде бірнеше жұмыс берушілерде жұмыс істейтін жағдайларда мұндай шегерімді қолдану тәртібін тікелей реттеу қамтылмаған.

Талқылау барысында нақты ережелердің болмауы норманы екіұшты қолдану және оны жосықсыз пайдалану тәуекелдерін тудыруы мүмкін екендігі атап өтілді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтық жеңілдіктің әлеуметтік бағытын сақтауды қамтамасыз ететін және оны қолдану кезінде теріс пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын бірыңғай тәсілді әзірлеу тапсырылды.

Айта кетейік, бұған дейін экономиканың өсуі, кредиттік нарықтың дамуы, бизнесті қолдау және экономиканың нақты секторын ынталандыру Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің бірлескен талқылау тақырыбының негізіне айналды.