Жүк құрамасының 13 вагоны рельстен тайып, 16 жолаушы пойызы тұрып қалды - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Жүк құрамасының рельстен тайып кеткен 13 вагоны 16 жолаушы пойызының кідіруіне ұшыратты.
None
None

Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма-Селезневка шойын жолының 114 шақырымында 29 мамыр күні сағат 13.20- да жүк пойызындағы 19 вагонның жетеуі рельстен шығып кетті. Абырой болғанда олар аударылған жоқ (4 вагонға цемент, біреуіне кен, екеуіне кенді тасымалдайтын бос ыдыстар тиелген).

Сағат 19.17-де вагондар рельске қойылып, жүк құрамасы діттеген жеріне сапарын қайта жалғастырды. Жапа шеккендер жоқ. Оқыс оқиғаның кесірінен №642 Бұқтырма-Өскемен бағытындағы жолаушылар пойызы орта жолда қалып, 3 сағат 19 минутқа кешікті.

Жол жабыны Өскеменнен жеткен қайта қалпына келтіру пойызының күшімен сол күні кешкі сағат 20.00 шамасында жөнделді.

Дәл осы күні Қызылорда облысында Диірментөбе және Қорқыт ата стансалары арасында шойын жолдың 2600 шақырымында сағат 17.42-де жүк пойызындағы 44 вагонның алтауы рельстен тайып кетіп, салдарынан оның бесеуі аударылды (пропаны бар 2 цистерна, бутаны бар 1 цистерна, рельстер тиелген 1 вагон, 1 вагон-контейнер).

Темір жолдың 300 метрі зақымданды. Цистернадағы газдың ауаға таралуы байқалмады. Төтенше оқиға салдарынан жапа шеккендер жоқ. Оның кесірінен 15 жолаушы пойызы жолда тұрып қалды. Олар 11 сағат 30 минутқа кідірді.

Бүгін түнде сағат 04.20-да жол жабынын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, пойыздардың қозғалысы жанданды. Ал жұпты жолдағы жұмыстар әзірге жалғасуда.

Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 352 маман мен 47 техника тартылды.

Соңғы жаңалықтар