Жұманғарин: Мемлекет Astana қаржы орталығының кесірінен салық жоғалтпауы керек
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Astana халықаралық қаржы орталығында қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан жалтару механизмі бар екенін мойындады.

— АХҚО-ға келсек, оның басшылығымен бірге талқылайтын мәселелер бар. Өйткені АХҚО ел ішіндегі қосымша оффшорға айналуы мүмкін. Біз бұдан салық жоғалтамыз, — деді ол сенаторлардың сұрағына жауап бере отырып.
Айтуынша, кәсіпорындардың бірі өзінің бас кеңсесін холдинг арқылы АХҚО-ға ауыстырған. Осының салдарынан бюджет 200 млрд теңгенің қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығын жоғалтқан.
— Бұл алаңдайтын тенденция. Сондықтан мұндай саңылауды бітеу керек. Қазақстанда жұмыс істеп тұрған компаниялар АХҚО-ға кіре алады. Бірақ оның салдарынан біз салық жоғалтпауымыз керек. Біз енгізетін өзгерістердің мәні осында, — деді министр.
Еске салсақ, бүгін сенат депутаттары Салық кодексінің жаңа редакциясын талқылап жатыр.