Жұмыс күні 8:00–17:30 аралығында: Еңбек министрлігі жаңа жұмыс кестесінің нәтижесін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 8:00–ден 17:30–ға дейінгі жаңа жұмыс кестесіне көшуді оң бағалап отыр. Бұл туралы Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жұмыс уақытын осылай ұйымдастыру таңертеңгі кептелістен құтқарады және қызметкерлердің жеке уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
— Таңертең жұмысқа кептеліссіз жетеміз, 7:30–да жұмысыңа шығып кетсең, көшелер бос. 17:30–да жұмысың аяқталады, әлі жарық кезде жақындарыңа көңіл бөлуге немесе өз ісіңмен айналысуға болады. Басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылға келсек, Астана әкімдігі де икемді кестеге көшіп жатыр, — деді Ерболат Әбілхатин Үкіметтегі брифинте.
Сонымен бірге, Ерболат Әбілхатин Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті қызметкерлері тарапынан жаңа кестеге ешқандай шағым түспегенін атап өтті.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Астанада жұмыс күні басталатын уақытты сағат 9:00-ден 7:00-ге ауыстыруды ұсынған еді.