Жұмыс орнында харассменттен қорғау: жаңа норма келісуден өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыстағы харассмент үшін жауапкершілік енгізу жөніндегі жаңа нормаға қатысты түсінік берді.

 Жұмыстағы харассмент үшін жауапкершілік енгізілуі мүмкін
Фото: pixabay.com

- Жұмыс орнында харассменттен қорғау тетіктерін әзірлеу жоспар бойынша жүзеге асырылып келеді. Адам құқығы жөніндегі бұл жоспар елде жоғары деңгейде бекітілген. Сонымен қатар осындай норманы енгізу жөнінде халықаралық еңбек ұйымының да ұсынысы бар, - деді Е.Тұяқбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда ол тиісті заң жобасы елдегі мемлекеттік органдарда келісуден өтіп жатқанын атап өтті.

- Харассменттен қорғау мәселесі бойынша норманы енгізу күн тәртібінен түскен емес. Бұл жұмысты жалғастырып, оны заңнамалық деңгейде бекітеміз... Харассментке жол бермеу тетіктері біраз елде айқындалған. Сондықтан халықаралық үздік тәжірибені алып, жауапкершілікке тартудың дәрежесін мемлекеттік органдармен пысықтаймыз, - деді вице-министр.

Еске салсақ, 2024 жылы харассменттің алдын алатын заң жобасы әзірленіп жатқаны хабарланған еді.

Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын сенатор еліміздегі әйелдерді жұмыс орнында харассменттен қорғауды талап еткен болатын.