Жұмыс орнындағы психологиялық қысым: Францияда суицид оқиғалары тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Франция Премьер-министрі аппараты қызметкерлері арасында болған суицид пен өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жұмыс жағдайының қызметкерлердің психикалық денсаулығына әсері туралы мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Соңғы жиырма жылда елде басқарудың қатаң тәсілдері қызметкерлердің қайғылы тағдырына себеп болды деген күдік бірнеше рет қоғам назарын аударған еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
France Inter радиосының мәліметінше, 2026 жылдың наурыз айында Франция Премьер-министрі аппаратының екі қызметкері өзіне қол жұмсаған. Соңғы айларда тағы екі қызметкер суицид жасауға әрекеттенген, олардың бірі мұны тікелей жұмыс орнында жасаған. Осы оқиғаларға байланысты үш қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетіліп, қауіпті еңбек жағдайы қалыптастырылғаны жөніндегі ақпараттан кейін материалдар прокуратураға жолданған.
Әдетте Франция Премьер-министрінің аппараты қоғам назарында бола бермейді. Алайда бұл қайғылы оқиғалар Францияның Қылмыстық-процестік кодексінің мемлекеттік қызметшілерді ықтимал құқық бұзушылықтар туралы прокуратураға хабарлауға міндеттейтін 40-бабын қолдануға негіз болды.
Тергеулердің бірі басылымда Лора есімімен аталған жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерге қатысты жүргізілуде. Оның адвокатының айтуынша, басшылық ауысқаннан кейін әйел бір жылдан астам уақыт бойы жүйелі психологиялық қысым көрген. Оны жиналыстарға шақыруды тоқтатқан, ұйым құрылымынан алып тастаған, көпшілік алдында келемеждеген, кейін жертөледегі оқшауланған кабинетке ауыстырған.
Қызметкер кәсіподаққа, еңбек қауіпсіздігі қызметіне және ішкі қолдау жүйесіне бірнеше рет жүгінгенімен, оған ұсынылған жалғыз шешім басқа бөлімге ауысу болған.
Ішкі аудит қорытындысында оның ауыр жұмыс күйзелісіне ұшырағаны айтылған. Сәуір айында ол теміржол вокзалында өзіне қол жұмсамақ болған, алайда өтіп бара жатқан адам оны тоқтатып үлгерген. Кейін қайталану қаупінің жоғары болуына байланысты ауруханаға жатқызылған. Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр, ал Париж прокуратурасы алдын ала тексеруді бастаған.
France Inter мәліметінше, бұл жалғыз жағдай емес. Былтыр күзде Премьер-министр аппаратының бір бөлімінің қызметкері жұмыс орнында суицид жасауға әрекеттенген. Кейін Инвестициялар жөніндегі бас хатшылықтың менеджері мен Үкіметтің бас хатшылығының бір қызметкері өзіне қол жұмсаған. Соңғысының бұған дейін жұмысқа байланысты ауыр күйзеліс жағдайында болғаны ресми түрде тіркелген.
Премьер-министр аппараты әрбір оқиғадан кейін қызметкерлерге қажетті психологиялық қолдау көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Vigisouffrance психологиялық көмек қызметіне жүгінгендер саны 2024 жылғы 44-тен 2025 жылы 66-ға дейін өскені хабарланды.
France Inter сауалнамасына қатысқан қызметкерлер мен кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары Францияда саяси өзгерістердің жиілеуі мен ұзаққа созылған реформалар мемлекеттік аппаратқа айтарлықтай қысым түсірген. Соңғы екі жылда елде төрт үкімет ауысқан. Бұған қоса, штаттардың қысқаруы, құрылымдардың біріктірілуі және мерзімді еңбек келісімшарттары бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер санының көбеюі ұжымдық жұмысты әлсіретіп, еңбек ахуалын нашарлатқан.
Сынға ұшырап отырған тағы бір мәселе — басқару стилінің өзгеруі. France Inter дерегінше, жеке сектордан келген кейбір басшылар мемлекеттік қызметке қатаң корпоративтік басқару тәсілдерін енгізген. Адвокат Кристель Мазза мұндай ахуалды қызметкерлер шектеулі мансаптық мүмкіндіктер үшін бір-бірімен бәсекелесуге мәжбүр болатын «шектен тыс бәсекелестік атмосферасы» деп сипаттады.
Бұл оқиғалар Франциядағы ең ірі корпоративтік даулардың бірі — France Télécom ісін еске салды.
2006–2009 жылдары қазіргі Orange компаниясының кемінде 19 қызметкері өзіне қол жұмсаған. Тағы 12 адам суицид жасауға әрекеттеніп, көптеген қызметкер ауыр депрессияға шалдыққан. Кейбірі қоштасу хаттарында мұндай шешім қабылдауына еңбек жағдайы себеп болғанын жазып кеткен.
Қайғылы оқиғалар компанияда 22 мың жұмыс орнын қысқартуға бағытталған ауқымды қайта құрылымдау кезінде болған. Жаппай жұмыстан шығару жүргізілмегенімен, Harvard Business School зерттеуіне сәйкес, қызметкерлерді өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүрлеу үшін оларды жиі басқа қызметке ауыстырған, лауазымын төмендеткен, көпшілік алдында қорлаған, қатаң бақылауда ұстап, ұзақ уақыт белгісіздік жағдайында қалдырған. Басшылардың жұмысы бөлімнен кеткен қызметкерлер саны бойынша бағаланған.
2019 жылы Франция соты France Télécom компаниясының бұрынғы басшыларын қызметкерлерге моральдық қысым көрсеткені үшін кінәлі деп таныды. Соттың шешімінде мәселе штатты қысқартудың өзінде емес, оған қол жеткізу үшін қолданылған әдістерде екені айтылды. Сот пікірінше, компания басшылығы қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндіретін психологиялық қысым атмосферасын әдейі қалыптастырған.
Journal of Public Mental Health журналында жарияланған зерттеуде Францияда еңбекке байланысты суицидтер бұрыннан қоғамдық маңызы бар жеке құбылыс ретінде қарастырылатыны айтылған. Көптеген елдерден айырмашылығы, егер оның кәсіби қызметпен байланысы дәлелденсе, мұндай жағдайлар өндірістегі жазатайым оқиға ретінде ресми танылуы мүмкін. Зерттеу дерегіне сәйкес, француз билігі тіркеген әрбір бесінші суицид осындай мәртебеге ие болады.
Зерттеу авторлары мұндай қайғылы жағдайлар көбіне бірнеше фактордың ұзақ уақыт бойы қатар әсер етуінен болатынын атап өтеді. Олардың қатарында жұмыс орнын жоғалту қаупі, үздіксіз қайта ұйымдастырулар, еңбек жүктемесінің артуы, психологиялық қудалау, кәсіби болмыстың әлсіреуі және еңбек жағдайының нашарлауы бар. Көп жағдайда бұған жеке өмірдегі қиындықтар да қосылады.
Соңғы қайғылы оқиғалардан кейін Премьер-министр аппараты қызметкерлерінің кәсіподақтары әкімшіліктің барлық бөлімшесінде психоәлеуметтік тәуекелдерді жан-жақты бағалауды талап етті. Тәуелсіз сыртқы аудит алдағы айларда басталады.
Айта кетейік, АҚШ пен Канададағы отбасылар Калифорния штатының соттарына танымал ChatGPT чат-ботын әзірлеуші OpenAI-ді суицидке итермеледі деп айыптап, компанияға қарсы жеті талап арыз берген еді.