Жұмыс іздеушілерге лайықты жұмыс табу мерзімі 13 күнге дейін ұзартылады
АСТАНА. KAZINFORM - 1 қазаннан бастап жұмыс іздеген адамға лайықты жұмыс табу кезеңі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары адамның білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын жан-жақты қарап, соған сай бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланысады.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер адамға лайықты жұмыс 13 күн күтпей-ақ табылса, осы мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.
Бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, азаматқа оқуға қатысу, субсидияланатын жұмыс орнына орналасу және басқа да қолдау шаралары ұсынылуы мүмкін.
Бірінші қадам – жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу. Ол үшін мансап орталығына жүгінуге, eGov арқылы немесе Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz порталында тіркелуге болады.
Жаңа жұмысқа орналасу тәртібі қалай жүргізіледі және азаматтар нені білуі керек – толығырақ бейнематериалдан көруге болады.
Осыған дейін Үкімет жұмысшы мамандықтар дайындауда қандай тың тәсілдер ұсынатыны туралы жаздық.