Жұмысшы мамандықтар жылы: қандай оңтайлы нәтиже болды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр жұмысшы мамандықтарына қатысты қандай оңтайлы нәтиже болғаны жайында түсінік берді.
— Жұмысшы мамандықтар жылын іске асыру аясында мемлекеттік органдар жұмысшы мамандықтардың қоғамдық мәртебесін арттыруға, олардың елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі рөлін айшықтауға және қоғамда еңбек құндылықтарын нығайтуға бағытталған кешенді жүйелік шаралар өткізді. Осы жұмыстың басты бағыттарының бірі — экономиканың стратегиялық маңызды салаларында жұмыспен қамтылған жұмысшы кәсіптердің үздік өкілдерін марапаттау мен кәсіби мерекелерді атап өту.
Кәсіби мерекелерге арналған іс-шаралар салтанатты марапаттау форматында өткізілді. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың салаларды дамытуға қосқан үлесін көпшілікке таныстырып қана қоймай, қоғамдық санада жұмысшы мамандықтардың жоғары әлеуметтілік маңызы, оларға сұраныс жоғары екенін және болашағы туралы тұрақты түсінік қалыптастырды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
2025 жылы жұмысшы мамандықтарға арналған жаңа мемлекеттік наградалардың пайда болуы ерекше маңызға ие болды, бұл еңбекті мемлекеттік ынталандыру жүйесіндегі бұрын-соңды болмаған қадам.
«Еңбек сіңірген геолог», «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары алғаш рет енгізілді. Бұл қадам жұмысшы мамандықтар өкілдерінің елдің өнеркәсіптік дамуы мен бағалайтынын көрсетті.
— 2025 жылы жалпы 26 кәсіби мереке атап өтілді, оның аясында мемлекеттік және ведомстволық наградалармен 7,5 мыңнан астам адам марапатталды. Бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оқушылар мен студенттер тарапынан оларға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыру мақсатында кәсіпорындарда ашық есік күндерін және жұмыс берушілердің қатысумен бос орындар жәрмеңкесін өткізуді қамтитын кәсіптік бағдарлаудың кешенді іс-шаралары ұйымдастырылды. Ашық есік күндері аясында жалпы білім беретін мектептердің оқушылары металлургия, машина жасау, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының, сондай-ақ құрылыс материалдарын шығару, шыны, полиграфия мен ағаш өңдеу салаларындағы ұйымдардың өндірістік процестерімен және еңбек жағдайларымен тікелей танысуға мүмкіндік алды, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Кәсіптік бағдарлаудың іштей форматтарына қосымша Еңбекмині оқушылар мен ТжКБ студенттерінде өз бетінше жұмыс іздеу және өзін кәсіптік айқындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған цифрлық құралдарды енгізді.
Атап айтқанда, «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын қалай пайдалануға болады» онлайн курсы әзірленді, сондай-ақ «Мансап компасы» цифрлық платформасында оқушыларды кәсіби диагностикалау функциясы іске қосылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 27 мың жұмыс берушінің қатысуымен 1,9 мың бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізілді, сондай-ақ 4 347 кәсіпорын «ашық есік күндерін» өткізді. Бос орындар жәрмеңкелері мен ашық есік күндеріне барлығы 250 мыңға жуық оқушы мен студент қатысты. Қосымша «Сенің мансаптық бастамаң: «Электрондық еңбек биржасын қалай пайдалануға болады» онлайн курсымен 527,7 мың оқушы мен студент қамтылды, тағы 100,7 мың оқушы кәсіптік диагностикадан өтті.
Сонымен бірге, салалық мемлекеттік органдар жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру жүйесін еңбек нарығымен синхрондауды қамтамасыз ететін 100 кәсіптік стандартты әзірледі.
Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмысшы мамандарды қолдау жалғаса беретінін мәлім етті.
Былтыр Президент жарлығымен 1300-ге жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды.