Жұмысшыларға жалақы да, жағдай да керек - Қ. Көшербаев

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы құрылысының мәселелеріне арналған мәжіліс болды.
None
None

Оның күн тәртібінде жол құрылысы және ондағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыстық автомобиль жолдары департаментінің басшысы Ерлан Жүнісов хабарлағандай, құрылыстағы «Импреза», «Жылойстройсервис» компаниялары жұмысшылардың жалақысына тиісінше 19,3 млн. және 28 млн. теңге берешек болып отыр. «Импреза» компаниясы жұмысшыларға жалақы қарызын төлеуді міндетіне алды. Аймақ басшысының нұсқауымен кедендік бақылау басқармасына осы берешектерді өтегенге дейін компанияның техникаларын облыс аумағынан шығаруға тыйым салынды. Бұл мәселеге байланысты облыстық еңбек департаменті, СЭС, кедендік бақылау және басқа да қадағалаушы органдар басшылары жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеп, қалайда жұмысшылардың жалақылары төленетінін айтты. Облыстық автомобиль жолдары департаменті «Жылыойстройсервис» компаниясымен берешекті жеделдетіп өтеу жөнінде меморандум жасасты. Аймақ басшысы атап өткендей, мердігерлерден қалай болғанда да жұмысшыларға тиесілі еңбекақы төленеді. «Егер қажет болса, техникаларыңды да, құрал-жабдықтарыңды да сатасыңдар»,- деп талап етті Қырымбек Көшербаев.

Мәжілісте сонымен бірге «Азеркорпу» компаниясы басшылығы мен жұмысшылары арасындағы дауды реттеу мәселесі қозғалып, өткен аптада оның өз шешімін тапқаны туралы айтылды. Естеріңізге сала кетсек, ұжым компания басшылығына 18 бөліктен тұратын талаптарын ұсынған болатын. Олардың қатарында тұрмыстық жағдайларын жақсарту, артық сағатқа үстеме еңбекақы төлеу және құрал-жабдықтардың бұзылуына байланысты немесе жанар-жағармайдың артық шығынын жалақыдан ұстап қалуды тоқтату мәселелері болды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия жағдайды реттеу жөнінде екі апта бойы жұмыс істеп, соның нәтижесінде жұмысшылар мен компания басшылығы өзара келісімге келді.

Жиында мердігер компаниялардың басшыларына да сөз берілді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда көлік дәлізі құрылысында ешқандай проблемалар жоқ. Туындаған мәселелер жұмыс барысында жедел шешімін табуда. Облыс әкімі тағы да компания басшыларын жұмысшыларға құрметпен қарауға және оларға қолайлы жағдайлар жасауға шақырды. «Сіздер кеткеннен кейін адамдардың көңілінде кінәрат қалмасын, сондықтан еңбекшілерге құрметпен қарауды басты мақсат етіңіздер»,- деп аймақ басшысы мәжілісті түйіндеді.

Соңғы жаңалықтар