Жыл қорытындысы: болжамды межелер артығымен орындалды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2015 жылды қорытындылап, кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Департамент басшысы Серік Мұстафаев әрбір құрылым басшысына бюджет кірісін қамтамасыз ету бағытындағы жаңа талаптарды ескертіп, белсенді атқарылуы тиіс кешенді шараларға назар аударды.
2015 жылдың қорытынды көрсеткіштері бойынша, мемлекеттік бюджеттің болжамы 106,6% орындалып, 76,4 млрд.теңге түсті, оның ішінде жергілікті бюджетке 38,7 млрд.теңге (1,4 млрд.теңгеге артық) түсіп, болжам 103,9 пайызға орындалды.
Облыстық бюджеттің жылдық жоспары 124,6 пайызға орындалды, нақты 6,7 млрд.теңге құйылып, 1,3 млрд.теңгеге артығымен қамтамасыз етілді.
275 кешенді және тақырыптық тексерулер бойынша 15,7 млрд.теңге салықтар мен төлемдер қосымша есептелінді, камералдық бақылау және басқа да бақылау шаралары бойынша жергілікті бюджетке 2,9 млрд.теңге қосымша салықтар мен төлемдер, мемлекеттік сатып алу шеңберінде бюджеттен қаржы алған салық төлеушілерге жүргізілген салықтық бақылау нәтижесімен 197 қатысушыдан 580,0 млн.теңге салық өндірілді.
Визуалды бақылау және рейдтер қарымымен 1012 салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 85 объектіге жүргізілген хронометраждық зерттеу жұмыстары негізінде салық төлеушілердің бір күндік табысы 9,2 есеге дейін, жекелеген салық төлеушілер бойынша 3 еседен 30 есеге дейін өсіп, жұмысшылар саны 116 адамға көбейді. Берешек 83,0 пайызға азайды, яғни салықтар мен төлемдерден қарыздардың 14,7 млрд. теңгеге төмендеуі қамтамасыз етілді.
2015 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысының сыртқы сауда айналымы 525 млн. АҚШ долл. құрады. Оның ішінде, экспорт 419 млн. долларға, импорт 106 млн. АҚШ долл. тең.
Көрсеткіштер көңіл көншітеді, дегенмен уақыт талабына орай атқарылар іс те қыруар. Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында айтылғандай, «әрбір субъект салығын толық төлеуге ынталы болуы үшін салық саласының ашықтығын қамтамасыз ету - бірінші міндет». Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіретін, тұрғындар арасында салық мәдениетін көтеру шараларын жүргізетін бірде бір мемлекеттік орган - мемлекеттік кірістер органдарының, бұл орайда, жұмысы сан-салалы. Оның орындалуы, өз кезегінде, еліміздің экономикасын бекітуге және халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға жұмсалатын бюджет қаржысын қамтамасыз етеді.