ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Қой жылы арамыздан кімдер кетті?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ...Осы, бір қарағанда, анау көп, мынау аз жасады демесек, өмір деген пенденің бәріне бірдей беріледі ғой. Бірақ, өмір сүрген бір пендені екіншісінен ажыратып тұратын дүние - құр өмір мен жыр өмір секілді көрінеді. Яғни, біреудің өмірі босқа өтсе, біреулер артынан өшпейтін із қалдыра біледі. Әттең, өзен ағысын бөгей алғанымызбен, өмір ағысын бөгей алмайтынымыз анық. Өкінішке қарай, тірісінде-ақ аңызға айналған талай тұлғаның дәм-тұзы дәл осы қой жылында таусылды...
None
None

16000 адамға операция жасаған алтын қолдың иесі

Григорин күнтізбесі бойынша, 2015 жыл бастала салысымен, 12 қаңтар күні таңертең хирург бола жүріп, 16000 операция жасаған алтын қолдардың иесі, алтын жүректі дәрігер Мұхтар Әлиев 82 жасына қараған шағында дүниеден озды. Мұхтар Әлиев 1933 жылы 2 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. 1957 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1982-1987 жылдары Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры болған.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмді бірнеше ұрпақ сүйіп көреді. Бұл - қазақ мультфильмдерінің шедеврі екені рас. Міне, ақпан айында Алматыда тоқсан екі жасқа қараған шағында қазақтың тұңғыш мультипликаторы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің авторы, көрнекті режиссер Әмен Қайдаров көз жұмды. Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң "Қазақстан әйелдері", "Ара" журналдарының редакцияларында жұмыс істеді. 1958-1965 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеді. Ол - Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" атты мультипликациялық фильм жасалды. Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлде алды. Сондай-ақ, Қайдаров "Құйыршық", "Жанар", "Күн сәулесінен пайда болған көжек" атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Қайдаровқа "Ақсақ құлан", "Қожанасыр - құрылысшы", "Қырық өтірік" сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. "Құрмет Белгісі", "Парасат" ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Қазақтың Гер-ағасы

2015 жылдың 7 ақпанында Алматыда Герольд Бельгер дүниеден өтті. Шыны керек, жүрегінің соңғы дүрсілі тоқтағанға дейін Герольд Бельгер бес рет жүрек талмасын көтерген азамат еді. Бәлкім сондықтан да болар, жасы сексеннен асса да, Гер-ағаның қазақ деп соққан жүрегі кенет тоқтап қалды дегенге сене алмадық... Жер ауып келгенде қойнына тыққан қазақ ұлты үшін еңбек еткен, «өзге ұлт бір ұлтты осынша сүюі мүмкін емес» деген стереотиптің тас-талқанын шығарған, қазақтың тілін қаны қазақ азаматтардың талайынан артық тексеріп, қазақтың қатесін дос болған соң жылатып айтқан Герольд Бельгер өкінішке қарай алтыншы рет ұстаған инфаркт дертіне қарсы тұра алмады. «Герольд Карловичтің Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген өмірі шынайы патриотизмнің үлгісі болып саналады. Оның шығармашылық мұрасы біздің мәдениетіміздің баға жетпес игілігіне, ал өмір жолындағы рухани ар-намыс қағидаттары әр кезеңнің ұрпақтарына жігер беретін бағыт-бағдарға айналды», - деді Мемлекет басшысы көрнекті жазушының қазасын естігенде. Жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда дүниеге келген. 1941 жылы Сталиннің жарлығымен КСРО-дағы барлық немістермен бірге Қазақстанға, қазақ ауылына (СҚО Ысқақ Ыбыраев ауылы) жер аударылды. Бұл жерде жас Герольд қазақ тілін үйренеді. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауылында қазақ орта мектебінде оқыды. Мектепті алтын медальға аяқтаған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын және аспирантурасын тәмамдады. Шығармаларын неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазған. 1958-1960 жылдары - Жамбыл облысы Байқадам кеңшарының орта мектеп мұғалімі. 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста болған. 1992 жылдары неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтардың авторы. Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын-жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған.

Бөтен елде балаларды құтқару үшін өмірін қиған қазақстандық

Наурыз айының соңына қарай қазақстандықтар үшін тағы бірнеше қайғылы оқиға орын алды. 21 наурыз күні Үндістанның Гоа аралында «Экспресс К» республикалық басылымының бас директоры Алексей Пан дүниеден өтті. Алексей Пан нағыз ерлікпен қаза тапқан азамат, себебі ол теңіздің үлкен толқыны әкетіп бара жатқан үндістандық балаларды құтқарамын деп, өзі көз жұмды. Өмірін қия отырып, сол балалардың барлығын жағаға алып шығып үлгерген екен.

Алексей Пан Қазақ ұлттық өнер университетінің журналисика факультетін аяқтаған. «Экспресс-К» газетінің бас директоры қызметіне 2008 жылы тағайындалған.

Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды

Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды деген осы-ау. 26 наурызда Бейжің қаласында небары 44 жасында Қытай астанасындағы мейрамханалардың бірінде түскі ас мезгілінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның басшысы Нұрлан Қаппаров жүрек талмасынан қайтыс болды. Оның соңғы қызметі - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы еді. 1970 жылы туған. Алматы технология институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебін бітірген, мамандығы бойынша инженер-экономист, мемлекеттік басқару магистрі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, «Акцепт» корпорациясын құрып, 1991 жылдан 1997 жылға дейін оның президенті болды. «КазТрансОйл» мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық компания», «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» акционерлік қоғамдарының президенті болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары болып тағайындалған. 2003 жылдан - «Ланкастер групп Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2012 - 2013 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрi болған. Нұрлан Қаппаров өзінің туған жерінде дарынды балаларға арнап, физика-математика бағытындағы мектеп ашып берген.

«Отан Ана»

«Мендегі жүрек көмекке зәру» деген жолдары бар «Соңғы көктем» әнімен сәуірді мұңға бөлей сыр елінің ең талантты тумаларының бірі Батырхан Шүкенов 52 жасына қараған шағында қара жердің қойнауына аттанды. 28 сәуір күні түнде Мәскеу шаһарында «Отан Ана» деп соққан жүрек тоқтады. Сөйтті де, Қазақстанды қайғыға бөледі. Батырдың өмірден озғанын естіген қазақстандықтар үлкен алаңдарға шығып, оның әндерін шырқады. Батырхан Шүкенов тек әнші емес, таланатты музыкант, жүрегі кең азамат еді. Қазақстаннан алғаш рет осы азамат ЮНИСЕФ-тің ізгі ниетті елшісі атанған. Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Жуырда ғана Республика сарайында Батырхан Шүкеновтің әріптестері, үзеңгілес достары, оның өнерін бағалайтын шәкіреттері жиналып, еске алу кешін ұйымдастырды. Батыр дүниеден өткен соң, Зейнолла Кәкімжанов, Марғұлан Сейсембаев, Еркін Тәтішевтің көмегімен марқұмның қазақ тіліндегі «Аманат» альбомы жарыққа шықты. Жалпы, Батырдың әуел бастағы ойы «Отан ана», «Сағым дүние» және осы «Аманат» альбомдарын трилогия етіп шығару еді. Әттең, қамшының сабағындай қысқа өмірі оған жетпеді.

Қазақ әдебиетінің қара нары

Қыркүйек айында 89 жасқа қараған шағында әдебиетші, ғалым, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Тұрсынбек Кәкішев өмірден озды. Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы Бұланды ауданы Бөрлі аулында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). 1944-1945 жж. Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, 1950-1958 жж. Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жж. Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филологияның сырттай (1978-1985), күндізгі (1985-1986) факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болған.

Нәрікбаев қалдырған заң мектебі

2015 жылдың 12 қазанында 75 жасында белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық заң университетінің президенті Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев өмірден озды. Мақсұт Сұлтанұлы 1940 жылы 30 наурызда Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Еркін аулында дүниеге келген. 1958-59 жж. - Украин КСР Днепродзержинск қаласының № 8 техникалық училищесінде оқыды. 1963-66 жж.- Совет Армиясының қатарында әскери борышын өтеді. 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты (қазір - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). Заң ғылымдарының докторы (1998), құқықтану профессоры (2001), Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі (2001 жылдан бастап). М.Нәрікбаев жоғары класты білікті судья еді.

Бекзат мінез иесі

Қазан айының ортасында Атырауда 68 жасқа қараған шағында ҚР бұрынғы Премьер-Министрі Нұрлан Балғымбаев қайтыс болды. Балғымбаев Нұрлан Өтепұлы 1947 жылы 20 қарашада Атырау қаласында туған. 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының мұнай және газ факультетін тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірді. 1992-1993 жылдары Массачусетс университетінің тыңдаушысы болды.Еңбек жолын Атырау (қазіргі Маңғыстау) облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі (1964) болып бастаған.1973-1977 жылдары "Маңғышлақмұнай" бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері. 1977 - 1992 жылдары Атырау облысындағы Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, "Ембімұнай", "Ақтөбемұнай" бірлестіктерінің бас инженері, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрігінің Бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін атқарды. Одан кейін АҚШ-тың Массачуссетс университетінде оқып, мұнай өндірісінің әлемдік озық тәжірибелерін іс жүзінде меңгеру үшін "Шеврон" компаниясында жұмыс істеді. 1994-1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті болды. 1997 - 1999 жылдары Қазақстан Республикасы премьер-министрі ретінде қызметін атқарды. 1999 жылдан "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан үкіметінің мүшесі. 2002 жылдан - «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті. 2007 жылдан - ҚР Президентінің кеңесшісі, Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнайы өкілі. 2009 жылдың желтоқсанынан бері - «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындарының әкімшілігі» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. Нұрлан Балғымбаев - еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған тұлға. Үкімет басшысы ретінде әлеуметтік саладағы реформаторлығымен, отандық тауар өндірушілерге мүмкіндігінше қолдау көрсету бағытын ұстануымен ерекшеленді. 1-дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған (1999).

Аңыз - Әбіш

Қой жылының соңында қазақ халқы аса ауыр қайғыға душар болды. Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, аса дарынды жазушы Әбіш Кекілбаев өмірден озды. Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. 1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды. 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. 1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде, 1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында, 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді. 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат», 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы» публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармаларыТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының -1995, «Отан» орденімен -1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды - созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді. К.Гоццидің «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің «Үрей», Л.Дарконың «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», «Кориолан» және «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Соңғы жаңалықтар