Жыл соңына дейін Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалы 40 мың контейнерден асады - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалы 40 мың контейнерден асады. Бұл туралы ағымдағы жылдың 31 тамызы мен 3 қыркүйегі аралығында Бейжіңге жоспарланып отырған сапары аясында Қытайдың жетекші «Синьхуа» ақпарат агенттігіне эксклюзивті сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
None
None

«Жаңа Жібек жолы» - бұл жаһандық ауқымдағы жоба. Ол біздің елдеріміздің экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңге көшкендігін білдіреді. Бұған қоса, ол барша Еуразия құрлығындағы көлік-логистикалық ландшафтты өзгертеді. Жобаның мәні басты экономикалық орталықтар арасындағы барынша жедел әрі сенімді жүк тасымалын қамтамасыз етуде болып отыр. Бұл бизнес үшін де, халық үшін де тиімді. Жібек жолы - бұл бір ғана бағдар емес, ол біздерді аталған мақсаттарға жақындата түсетін коммуникация жүйесі. Біздің елдеріміз аталған жүйені дамыту үшін көптеген жұмыстарды атқарды»,- деді Елбасы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, іс жүзінде Қытайдың Тынық мұхиты жағалауын Каспий теңізімен жалғайтын темір жол дәлізі құрылған. Мұнан ары «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізімен интеграциялану арқылы көптеген ірі нарықтарға шығу қамтамасыз етіледі.

«Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа бағытына және кері контейнерлік пойыздар қозғалысы кеңейіп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде біздің еліміз арқылы 234 пойыз өткізілді. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен үш есе артық. Жыл қорытындысына бұл бағыттағы жүк айналымы 40 мың контейнерден асып түседі деп күтілуде. Басым бөлігі біздің ел арқылы өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автожолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы, «Алтынкөл-Қорғас» жаңа темір жол өткелі, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА көлік-логистикалық кешенін атап өтуге болады»,- деді ҚР Президенті.

Елбасы сұхбат барысында Қазақстанда кешенді инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өткен. Бұл бағдарлама да Еуропа мен Азияны жалғайтын нағыз көпір болып саналатын біздің еліміздің кеңістігін жаңа Жібек жолы жүйесімен интеграциялаудағы тағы бір қадам болмақ.

«Осылайша, жаһандық бағдардың негізі қазірдің өзінде қалыптасты. Ендігі уақытта көлік ағындарын ретке келтіру жұмыстарымен айналысу қажет. Мұнан бөлек, Жаңа Жібек жолы көліктік-логистикалық жоба аясынан шығып кетеді - ол толықтай алғанда экономикалық даму белдеуі ретінде танылған. Бұл бағытта да біздердің елдеріміз қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, жалпы сомасы 30 млрд. доллардан асып жығылатын 48 инвестициялық жоба іріктеп алынған. Олар мығым іскерлік серіктестің тініне айналады»,- деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар