Жыл соңына дейін Үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысын жүргізетін концессиялық өтініш анықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 26 қарашасында Үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысын жүргізуге ниет білдірген үміткерлердің өтініштері қаралады.
«Бұл байқаудың екінші кезеңі. Ал желтоқсан айында олардың ішіндегі үздігі анықталып, келіссөздер басталады. Тиісті келісімге қол қою және нысанның құрылысын бастау 2016 жылға жоспарланып отыр. Аталған жоба концессиялық механизм арқылы жүргізілетіндіктен, жобаны қаржыландырудың үлесін инвесторлар өздері бөледі»,- деп хабарланды ҚР ИДМ баспасөз қызметінен. Айта кетейік, 2015 жылы 14 қаңтарда концессионерді анықтау бойынша екі кезеңнен тұратын ашық байқау жарияланды. 7 сәуірде байқаудың бірінші кезеңінде 27 халықаралық және отандық компаниядан құрылған 9 консорциум өтініш берді. ҚР «Концессиялар туралы» Заңына сәйкес, өтініштерді республикалық меншікке жататын нысандарға қатысты концессия жөніндегі арнайы комиссия іріктейді. Комиссияға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев төрағалық етеді. Қазір байқауға қатысушылар өздерінің өтініштерін (техникалық және қаржылай ұсыныстарын) дайындауда. Үлкен Алматы айналма жолы ақылы болады. Пайдалануға берілген алғашқы жылы - 78 мың, ал 2034 жылға қарай тәулігіне - 104 мың автокөлік өтеді.