Жылқы ұрлаймын деп 5 жылға сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сотталушы М. бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотты болғандығына қарамастан, бұрынғы соттылықтарынан тиісті қорытынды шығармай, тағы да ауыр қылмыс жасап, 5 жылға темір торға тоғытылды. Бұл туралы Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Сотталушы М. Ішімдік ішкен күйі түннің қараңғылығын және айналада бөгде адамдардың жоқ екендігін пайдаланып, жәбірленуші К.-нің үйіне барып, үйінің қасында орналасқан мал қорасының ішіне заңсыз кіріп, сол жерде байлаулы тұрған құны 1 200 000 теңге тұратын тоғыз жасар жылқысын жібінен шешіп алып, жасырын ұрлап алып кеткен.
Сотта сотталушы М. өзінің айыбын толық мойындап, жәбірленуші тарапқа келтірілген залалды толық қайтарып, өкінетіндігін, кешірім сұрайтындығын көрсетіп, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Ал жәбірленуші К. өзінің жауабында, бүгінгі күні залалдың толық қайтқанын көрсетіп, сотталушы М.-ға заң талабына сәйкес шара көруді сұраған.
Сот сотталушы М.-ны Қазақстан Республикасының ҚК-нің 175-бабы 3-бөлімінің «б» тармағы бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.Үкім заңды күшіне енбеген.