Дүниежүзілік банк: Қазақстан ауадан ақша жасай алады
АСТАНА. KAZINFORM – Климатты сақтау туралы ізгі бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлердің қаржысын тарту мен жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор. Бұл туралы Дүниежүзілік банк тобының Қоршаған орта жөніндегі директоры Валери Хики «Kazinform» агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында мәлімдеді. Сарапшы атқарылған жұмыстарға баға беріп, әсіресе дамушы елдердің аяғына тұсау болып отырған кедергілерді атап өтті.
– Дүниежүзілік банк соңғы жылдары экологиялық жобаларға ақшаны аямай бөліп жатыр. Сіздіңше, әлемдік деңгейде, оның ішінде дамушы елдерде бұл салада әлі де қандай түйткілдер бар?
– Дүниежүзілік банк тобы 2025 қаржы жылында (2024 жылдың 1 шілдесінен 2025 жылдың 30 маусымына дейін – ред.) табиғатты қорғауға бағытталған жобаларға 50,8 млрд доллар бөлді. Бұл қаражат елдердің экономикасын көтеруге, жұртты кедейліктен құтқаруға және дендеп бара жатқан қуаңшылық пен су тасқыны кезінде жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Осы жұмыстардың арқасында 136 млн адам табиғат жағдайына бейімделіп, 208 млн адамның азық-түлік қауіпсіздігі реттелді. Біздің бастамаларымыз ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды жылына 331 млн тоннаға азайтады деп сенеміз.
Алайда бұл әлі де жеткіліксіз. Қаржы нарығында қажетті ресурстар бар, бірақ біздің басты мақсатымыз – сол қаражатты керек арнаға бұру. Мұнда жеке бизнестің қатысуы өте маңызды, бірақ кәсіпкерлер өздігінен келе қалмайды. Үкіметтер алдымен жол, құбыр сияқты негізгі инфрақұрылымды реттеп, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, тиісті мекемелердің жұмысын реттеуі тиіс. Сондықтан біз жеке капитал үшін қауіп-қатерді азайтатын жолдарды қарастырып жатырмыз. Жалпы алғанда 2021 жылдан бері Дүниежүзілік банк тобы климат саласына 52 млрд доллардан астам жеке инвестиция тартты.

– Көптеген елдер жасыл энергияға көшуге асыққанымен, кей аймақтар әлі де көмір мен мұнайға тәуелді болып отыр. Жарық пен жылудың тұрақтылығын бұзбай, ауаны қалай таза ұстауға болады? Осы екі мақсатты қатар алып жүрудің қандай жолдары бар?
– Бүкіл әлемде 666 млн-ға жуық адам электр жарығынсыз отыр, ал тағы миллиондаған адам тұрақты әрі арзан энергияға қол жеткізе алмай келеді. Дүниежүзілік банк тобында біз энергетиканы дамудың негізгі факторы ретінде қарастыра отырып, оған кешенді түрде көңіл бөлеміз. Арзан әрі сенімді энергияға қол жеткізу жұмыс орындарын ашуға, табысты арттыруға және адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді.
Оның бірыңғай шешімі жоқ. Алайда біз инвесторларға елдің даму бағытын айқын көрсететін ұзақмерзімді нормативтік база қалыптастыра аламыз. Ол энергетикалық компанияларды басқаруды жақсартуды және тиімсіз немесе тым қымбатқа түсетін субсидияларды реформалауды қамтиды. Егер ертең не болары белгісіз болса, кәсіпкер ақшасын салмайды, ал мемлекет энергетика шығындарын жалғыз өзі көтере алмайды.
Келесі кезекте энергия жүйесін реттеп, жарық желілерін нығайту керек. Сонда ғана әрбір отбасы мен ауыл-аймақ жарықпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа технологиялардың келуіне байланысты мамандарды да осыған бейімдеп, оқыту қажет. Әсіресе күнін көмірмен көріп отырған аймақтарға көмектесіп, көмірге сұраныс азайғанда ондағы жұмысшылардың далада қалмауын қадағалауымыз керек.

– Қазақстан көміртегі бейтараптығы бойынша өршіл мақсаттар қойып, күн мен желден энергия алуды белсенді дамытып жатыр. Еліміздің бұл қадамы мен Орталық Азиядағы орнына қандай баға бересіз?
– Қазақстанның 2060 жылға қарай зиянды қалдықтарды толық жою туралы жоспары – өте маңызды қадам. Сонымен қатар еліңіз Орталық Азияда бірінші болып ауаны ластағандарға айыппұл салу, жасыл энергияны мемлекет тарапынан сатып алу және бұл салаға кәсіпкерлерді тарту үшін арнайы бәсеке жүйесін енгізді.
Егер осы бағыттан таймаса, Қазақстан тек мұнай мен көмірге сүйеніп отырған елдерге үлгі бола алады. Көрші мемлекеттер Қазақстанға қарап, экономиканы қалай өзгертуге, жаңа бизнес салаларын қалай ашуға болатынын үйренеді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, егер Қазақстан ауаны тазарту жұмыстарын жалғастыра берсе, елдің байлығы (ЖІӨ) 2040 жылға қарай тағы 1,3%-ға өседі.
– Қазақстанда климаттық инвестиция тарту, әсіресе «жасыл» сутегі, табиғатты қорғау арқылы инвестиция тартудың қандай нақты мүмкіндіктері бар?
– Табиғи ресурстар – ЖІӨ өсімінің, өркендеу мен әл-ауқаттың негізі. Сондықтан Дүниежүзілік банк тобы кедейлікпен күресу және жарқын болашақ құру үшін мемлекеттер мен компаниялардың табиғат күшін тиімді пайдаланғанын қолдайды.
Қазақстанға келер болсақ, ең үлкен мүмкіндік – ұлан-ғайыр жайылымдар мен шабындықтарда жатыр. Даладағы шөптер мен өсімдіктер ауадағы зиянды көміртегін өзіне сіңіріп, тазартып отырады. Қазақстан даласы осылайша 20-40 миллион тонна көміртегін сіңіре алады. Ең қызығы — бұл табиғи процесті ақшаға айналдыруға болады. Сондай-ақ ауаның тазарғаны үшін халықаралық нарықтан табыс табуға да мүмкіндік бар. Ол үшін тек бұл процесті дәл есептеп, бақылап отыратын арнайы жүйе құру керек. Бұл істе әлемдік тәжірибенің көмегі зор болады.

– Сөз соңында айтсаңыз, жасанды интеллект сияқты технологиялар алдағы онжылдықта климаттық саясатқа қалай әсер етеді?
– Ақпараттың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру – Дүниежүзілік банктің басымдықтарының бірі. Жергілікті деректермен жұмыс істейтін ЖИ шешімдерін ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау мен білім беруде қолдануға болады. Мысалы фермерлерді ауа райы қаупі туралы ескерту немесе өсімдік ауруларын анықтау үшін пайдалануға болады.
Жасанды интеллект пен табиғат деректерінің бірігуі қазірдің өзінде маңызды шешімдер қабылдауға көмектесіп жатыр, ал алдағы уақытта оның рөлі тіпті арта түспек.
Біріншіден, ЖИ платформалары ауаға тараған зиянды қалдықтарды нақты уақыт режимінде өлшеп отыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе дамушы елдер үшін ақпараттың ашық әрі дәл болуына көмектеседі.
Екіншіден, технология жарық пен жылуға деген сұранысты алдын ала болжап, желілердің бұзылмай жұмыс істеуін қадағалайды. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды, себебі біздің энергия жүйеміздің ескілігі күн мен желден қуат алуды дамытуға әлі де кедергі болып отыр.
Үшіншіден, Жасанды интеллект табиғаттағы өзгерістерді дәлірек болжап, соған сай қауіпсіз ғимараттар мен жолдар салуға көмектеседі.
Алайда оның тәуекелдері де бар. Жасанды интеллекті тым көп энергия жұмсайды, сондай-ақ технологиясы дамымаған елдер артта қалып қоюы мүмкін. Сондықтан бұл технологияның барынша пайдасын көру үшін ақылға қонымды ережелер мен халықаралық ынтымақтастық қажет.
Айта кетейік, бұған дейін, өңірлік экологиялық саммитте су үнемдеу технологиялары талқыланған болатын.