Ақтаудағы эвакуациялық орталықта қанша құлсарылық қалды

Ақтау
Фото: Жанкелді Қаржан/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM -  Атырау облысындағы су тасқыны кезінде Маңғыстауға эвакуацияланған тұрғындар бүгінде өңірдегі бірнеше арнайы пукнкттерде тұрып жатыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жиырма эвакуациялық пунктте барлығы мыңнан астам құлсарылық тұрғын уақытша орналасқан.

«Облыс бойынша арнайы ашылған 20 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Олардың барлығында 1067 адам уақытша тұрып жатыр. Жалпы, өңір бойынша эвакуациялау орталықтарында 12 мың орын бос орын бар», - деді Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ал Ақтау қаласында бүгінде 600-ден астам құлсарылық тұрғын эвакуациялық орталықта тұрып жатыр.

«Ақтау қаласы аумағындағы эвакуациялық қабылдау пункттерінде 619 адам орналасқан. Туыстарының үйлеріне немесе өздері орналасқандар құлсарылықтары саны 162-ні құрайды», - Ақтау қаласы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы Манарбек Мұханбетов.

Сәуір айының басында Маңғыстау облысына Жылыой ауданындағы су тасқыны салдарынан 27 мыңнан астам адам көшірілген болатын.

Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерді орналастыру үшін Жаңаөзен қаласында 17 орын дайындалса, Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында 4 орын, Маңғыстау ауданында 12, Қарақия және Түпқараған аудандарының әрқайсысында 6 эвакуациялық орын қосымша әзірленді. Ал Ақтау қаласындағы 17 пунктке құлсарылықтар қоныстанған еді.

Сонымен бірге, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстауға көшірілген 27 мың атыраулықтың үштен бірі үйіне қайтқанын мәлімдеді. 

Кеше облыста су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау тоқтатылғаны белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар