Маңғыстауға көшірілген 27 мың атыраулықтың үштен бірі үйіне қайтты

құлсары
Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM - Су тасқыны басталғаннан бері Маңғыстауға 27 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Қазір 9 мыңға жуық адам үйіне қайтқан. Эвакуация пунктінде 1600 адам бар. Бұл туралы Нұрлан Ноғаевтың қоғамдық штаб өкілдерімен кездесуі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Маңғыстауда қоғамдық штаб құрылды.

Оның қызметі Атырау облысынан келген эвакуацияланған халық арасында коммуникациялық және ақпараттық жұмысқа бағытталған.

Штаб мүшелері эвакопунктерге барып, зардап шеккендермен кездеседі, азаматтарға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетеді.

Нұрлан Ноғаев су тасқыны басталғаннан бері біздің өңірге 27 мыңнан астам адам эвакуацияланғанын айтты.

«Қазір 9 мыңға жуық адам туған өлкесіне оралды. Эвакуация пунктерінде 1600 адам бар, өзгелері туыстарының көмегіне жүгінді. Айта кету керек, Маңғыстау облысынан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 90 техника, сондай-ақ 170 әскери қызметші жіберілді», — деді Нұрлан Ноғаев.

Өңір басшысы қоғамдық штаб мүшелеріне алғыс айтып, олардың мемлекеттік органдар мен Атырау облысынан келген халық арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Мен волонтерлер мен эвакуация пунктерінің жұмысын ұйымдастыруда қосқан зор үлесіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Бүгінде қоғамдық штаб өзара іс-қимылдың маңызды орталығына айналды. Эвакуацияға және гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға байланысты қазір жұмыс уақытша қиындық. Қоғамдық штаб болашақта да өз қызметін жалғастырады деп сенемін», — деді Нұрлан Ноғаев.

Соңғы жаңалықтар