Ақтөбеде тасқыннан жапа шеккен 268 отбасының материалдық шығыны төленді

өтемақы
Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы бойынша 268 отбасына материалдық шығын төленді. Бұл — 97 млн теңгеге жуық қаржы.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқынынан кейінгі шығынды өтеу жұмысы жалғасып жатыр.

Бүгінде 2700-ден астам отбасы 100 АЕК көлемінде біржолғы төлемді алды. 

Ол үшін бюджеттен шамамен 877 млн теңге аударылды.

Жалпы өңірде 4600-ден астам үйге су кірсе, оның 3200-ден астамы бау-бақша ұжымдарында орналасқан. 

— Барлығы мыңнан астам үй тексеріліп, 700-іне бағалау қорытындысы шығарылды. Қазіргі есеп бойынша 420-сы қайта қалпына келтіруге жатады. Облыс бойынша 641 үй жарамсыз күйде. Қазіргі статистика бойынша 225 отбасы 502 млн теңгеге жуық ақша берілді. Бұл үйін қалпына келтіруге, жөндеуге бөлінген қаржы. Ал 5 отбасы дайын үй алды. Бұл үшін бюджеттен ақша бөлінбеді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, мал шығыны әзірге 3232 бас деп есептелді. Оның 1200-ден астамына өтемақы берілді. Оның шығыны 215 млн теңге болып тұр. 

Биылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Қазіргі кезде тек Ырғыз ауданында тасқынға қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр. Мұнда үш ауылға су кірсе, тағы екі ауылда қауіп жоғары. 

Ырғыз ауданының Құйлыс пен Жайсаңбай ауылдарына Торғай өзенінен су келіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар