Ақтөбеде Торғай өзенінен келген судың деңгейі 1 метрден асты

Ақтөбе облысы
Фото: Primeminister.kz

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының ауылдарына әлі де Торғай өзенінен су келіп жатыр. Биіктігі 1 метрден асты. 

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында әлі де су тасқыны қаупі сейілген жоқ. Қазіргі кезде Нұра ауылын түгелге дерлік су алса, Мамыр мен Белшерде де су басқан үйлер бар. Ал Құйлыс, Жайсаңбайда ауыл айналасындағы бөгетті бекіту жұмысы жүріп жатыр.

– Құйлыс ауылы бойынша су тасқынына қарсы бөгеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Торғай өзенінен келетін су деңгейі 1 метрден асты. Барлығы 8 техника бар. Оның үшеуі КамАЗ, төртеуі тиегіш және біреуі К700. 20982 әскери бөлімінің 55 әскери қызметкері, өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің 5 адамы сонда. Құйлыс ауылында әскерилер саны - 40, ауыл тұрғындарын қосқанда 80 адамды құрайды. Әскерилердің 20 адамы Жайсаңбай ауылына жіберілді. Бөгеу жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Еске салсақ Ырғыз ауданында 8 сәуір күні төтенше жағдай жарияланды. Мұнда Нұра ауылы жаңа орыннан салынады.

Соңғы жаңалықтар