Алматы тұрғындарының жолға қатысты мәселесі қалай шешіліп жатыр

жол
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімдігінің жол инфрақұрылымына арналған арнайы Telegram-каналы іске қосылғаннан бері күн сайын 30-40 өтініш түседі. Бұл өтініштерді мамандар мен жұмысшылар орта есеппен үш жұмыс күні ішінде қарастырады.

Қалалық әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, Telegram арнасындағы жол инфрақұрылымына арналған @AlmatyJolybot чат-ботына 23 сәуірден бастап күн сайын 30-40 өтінім тіркеледі. Барлығы 400-ден астам өтініш келіп түсті, оның 70%-дан астамына тиісті жауап берілді. Сондай-ақ өтінімдер open-almaty.kz интернет порталы мен eOtinish сервисі арқылы да қабылданады. 

жол
Фото: Алматы әкімдігі

«Әр ауданның мердігерлік ұйымдары мониторинг барысында және қала тұрғындарының түрлі арналар арқылы келіп түскен өтініші негізінде анықталған шұңқырларды жөндейді. Жалпы, жұмыс басталғалы 41 000 шаршы метр жол төсемі ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл ретте, жыл соңына дейін 310 000 шаршы метр асфальтбетон жабыны бар жолдарды жөндеу жоспарланған», - деп атап өтті әкімдіктен.

Талдау көрсеткендей, Алматыда шұңқырларды жөндеудің шамамен 90 пайызы 5 жылдан астам уақыт орташа жөндеу жүргізілмеген жолдарға, сондай-ақ инженерлік желілерді салу және жөндеу жүргізілген учаскелерге тиесілі. Биыл ұзындығы 250 км болатын 274 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

жол
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, 2023 жылы Алматыда ұзындығы 200 км болатын 175 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізілді, орташа жөндеуге кепілдік мерзімі 3 жыл, осы уақыт ішінде мердігер кез келген ақауды өзі түзетеді.

Бұл ретте, былтыр пилоттық режимде қаланың 15 магистральдық көшесінде жөндеу кезінде жолға және жарыққа төзімділікті арттыруға бағытталған полимерасфальтобетон пайдаланылды.

Мұндай қоспалар тозуға төзімді, жұмсарту температурасы жоғары (65-70°C). Сондықтан ыстыққа төтеп бере алады, әлдеқайда ұзағырақ – қазіргі 5 жылдың орнына 8-10 жылға дейін пайдалануға болады. Биыл да бұл тәжірибе жалғасады.

Бұған дейін Алматыдағы жолдардың бойындағы ақауларды Almaty_Joly Telegram-арнасының чат-ботына хабарлауға болатыны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар