Атырау облысы: Индерде – 15, Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұр

эвакопункт
Фото: Олеся Жуковень

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысының екі ауданында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті шектен асты. Осыған байланысты Индерде – 15, Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұр. 

Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваның айтуынша, Махамбет ауданында эвакуациялық пункттерге тасымалдау схемасы дайындалған.

«Елді мекендерді су басқан жағдайда тұрғындарды тасымалдауға 24 автобус пен ГАЗель бөлінді. Бұған қосымша жеңіл көліктер де тасымал жұмысына қосылатын болады. Бұл көліктермен бір мезгілде 200 адам тасымалданады. Көліктердің қозғалыс маршруттары анықталды», - деп хабарлады Венера Қабышева.

Ал, Индер ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда 15 эвакуациялық пункт ашылған.

Бұл аудандағы Индербор кенті мен 6 округтегі 11 елді мекенде 33 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Оның ішінде 15 мектепте оқитын 6407 оқушы бар.

«Құрылыс ауылында орналасқан М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептің 129 оқушысы онлайн оқуға жіберілді. Бұл мектепте жағалауды бекітуге көмекке келген 150 сарбазға жатын орын дайындалды», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінің суы Индер ауданында қауіпті деңгейден асып кеткенін хабарладық.

Сондай-ақ, Индер ауданында 25 мың малды қауіпсіз аумаққа шығару жоспарланды.

Атыраудың тағы бір ауданында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті шектен асты.

Соңғы жаңалықтар