Атыраудың Махамбет ауданында 16 балабақшаның жұмысы онлайнға көшірілді

Атыраудың Махамбет ауданында 16 балабақшаның жұмысы онлайнға көшірілді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысының Махамбет ауданындағы балабақшалар жұмысы онлайнға көшірілді. Бұған Жайық өзеніндегі су деңгейінің қауіпті шектен асқаны себеп болып отыр.

Махамбет ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, мұнда 9 округтегі 21 елді мекенде 30940 адам тұрады. Оның ішінде Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың маңында 105 шақырым бөгет салынған.

Бұл ауданда 10 сәуірден бері 15 мектепте дәріс алатын 6288 оқушы сабақты онлайн оқып жүр. Қазір ауданда 22 эвакуациялық пункт ашылып, су басу қаупі төнсе, тұрғындарды қабылдауға дайын тұр. Қауіпсіз аумаққа 5400 төрт түлік шығарылған. Ал бүгін, 6 мамырда аудандағы 16 балабақша онлайн форматпен жұмыс істеуге көшірілді. Балабақшаларда 1627 бала мектепке дейінгі тәрбие алады. Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваның дерегіне сүйенсек, 22 эвакуациялық пункт дайындалған.

«Елді мекендерді су басу қаупі туындаса, тұрғындарды тасымалдауға 24 автобус пен ГАЗель бөлінді. Бұған қосымша жеңіл көліктер де тасымал жұмысына қосылатын болады. Бұл көліктермен бір мезгілде 200 адам тасымалданады. Көліктердің қозғалыс маршруттары анықталды», - деп хабарлады Венера Қабышева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты онлайн оқитынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар