Атыраудың Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты онлайн оқиды

оқушы мектеп
Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты онлайн оқып жүр.

Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мұнда 9 округтегі 21 елді мекенде 30940 адам тұрады.

Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың маңында 105 шақырым бөгет салынған. 

«Қазір 15 мектепте дәріс алатын 6288 оқушы сабақты онлайн оқуға жіберілді. Ауданда 22 эвакуациялық пункт ашылып, су басу қаупі төнсе, тұрғындарды қабылдауға дайын тұр. Қауіпсіз аймаққа 5400 төрт түлік шығарылды», -деп хабарлады аудан әкімдігі. 

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауында кезекшілер үшін 40 бекет ашылған. Су айдынына жақын маңдағы ауылдарда жағалауды бекіту жұмысы жалғасып жатыр.

Оған әскери бөлімдердің 651 сарбазы, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын құрылымдардан 200 қызметкер, 320 ерікті мен 108 техника тартылған. 

«Қазір Жайық өзеніне келіп жатқан су алдын ала тазартылып, дайындалған каналдарға ағып жатыр. Бөгеттер, сай, жыралар ашылды. Әзірге Жайық өзеніндегі жағдай қалыпты, су деңгейі қауіпті шегіне жете қойған жоқ. Бірақ, алдағы күндері мол су келуі мүмкін», -дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Еске сала бұдан бұрын Атыраудағы Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен еді. 

Сондай-ақ, Махамбет ауданына 30 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар