Атыраудағы Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Жайық
Фото: Қазгидромет

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұған Жайық өзеніндегі су деңгейінің 8 метр 12 сантиметрге жеткені себеп болып отыр.

Осыған байланысты Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев жедел штбатың жиынын өткізіп, күшейтілген жұмыс режиміне көшу қажеттігі туралы шешім қабылдады.

Аудан әкімінің айтуынша, Жайық өзенінің жағалауында 65,5 шақырым бөгет тұрғызылып, нығайтылған. Бөгеттің биіктігі – 2,5 метр.

«Жайық өзенінің деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Біздің аудан үшін су тасқыны қаупі өзекті мәселе болып қала береді. Қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары аяқталғанымен, қосымша нығайту жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Аудандық әкімдіктің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары, еріктілер елді мекендерді су тасқынынан қорғауға жұмылып отыр», -деді Қайрат Нұрлыбаев.

Махамбет ауданының жедел штабында талқыланған мәселелер мен ұсыныстар бойынша әр ауылдық округте жауапты мамандар бекітілді. Арнайы кестеге сәйкес тәулік бойы кезекшілікті аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенділер мен аудан әкімдігінің өкілдері атқарады.

Атырау облыстық жедел штабының мәліметінше, Махамбет ауданында Жайық өзенінің қауіпті шегі – 8 метр 50 сантиметр.

Бірақ, кеше, 2 мамырда кешкі сағат 20:00-де Жайық өзенінің Махамбет ауданындағы деңгейі 8 метр 3 сантиметрге жетті. Ал, бүгін, 3 мамырда таңертеңгі сағат 8:00-де өзен суы 8 метр 12 сантиметрді құрады.

«Махамбет ауданында Жайық өзенінің суы бір тәулікте +17 сантиметрге көтерілді. Қауіпті деңгейге дейін 38 сантиметр қалды», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі 8 метрден асып кеткенін жазған едік.

Ал, бүгін Индер ауданында Жайық бір тәулікте 38 сантиметрге көтерілді.

 

Соңғы жаңалықтар