Елімізде апта ішінде қандай ауыс-түйіс болды

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада еліміздің орталық жергілікті атқарушы органдарында жаңа басшылар сенімге селкеу түсірмейтініне сендіріп, өз қызметіне кірісті.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Мұғамедғаріп Құрманғалиев құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Мұғамедғаріп Ниязұлы 1974 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген, білімі жоғары, 1997 жылы Жамбыл университетін «автомобиль жолдары және ұшақ алаңдары құрылысы», 2003 жылы Бағалау университетін «мүлікті кадастрлық-құқықтық сараптау» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Жамбыл университетінің Қаратау инженерлік-техникалық кешенінің оқытушысы болып бастаған.

Әр жылдары Бағалау институтының аға оқытушысы, Алматы қаласы құрылыс департаментінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, «Самұрық-Қазына Construction» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары, Алматы қаласы «Ақпараттық технологиялық орталығы», «Basyer Construction», «Alan Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде директор, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басқарма басшысы болды.

Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарды.

Конкурстық комиссия шешіміне сәйкес облыс әкімінің өкімімен Бақберген Талғатұлы Әбуов БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бақберген Талғатұлы 1984 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген.

Әр жылдары БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ақпараттық-талдау жұмысы және жобаларды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің бас маманы, осы басқармада ақпараттық-талдау жұмысы және жобаларды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің басшысы, БҚО әкімі аппараты талдау және бақылау бөлімінің бас инспекторы, БҚО әкімі аппараты бақылау бөлімінің бас инспекторы лауазымында қызмет етті.

Тағайындауға дейін Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен Данияр Қырықбаев қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Данияр Қырықбаев 1986 жылы 29 сәуірде дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген. Жергілікті басқару магистрі.

Еңбек жолын 2007 жылы банк саласында бастаған. 2007-2009 жылдары «Жолаушылар тасымалы» АҚ – да жұмыс істеді, содан кейін – «Kazsatnet» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі. Әр жылдары ҚР Бас прокуратурасында, ҚР Парламенті Сенатының аппаратында жұмыс істеді.

2016 жылдан 2019 жылға дейін Алматы қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы болып жұмыс істеді. Екі жыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры болды.

2021 жылдан 2022 жылға дейін Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы болды.

Қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Енді бұл қызметті Әлия Бекешева атқаратын болды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жаңа басшыны ұжымға таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Әлия Аюпқалиқызы 1970 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 1995 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін гигиенист-эпидемиолог мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының дәрігер-эпидемиологы болып бастаған.

1995-2013 жылдары Атырау қалалық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында дәрігер-эпидемиолог, санитарлық дәрігер, еңбек гигиенасы, тамақтану гигиенасы бөлімдерінің басшысы болған.

2013-2021 жылдары аралығында Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы, бөлім басшысы лауазымында жұмыс істеген. Ал, 2021 жылдан осы тағайындауға дейін департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Маңғыстауда техникалық реттеу және метрология комитетінің өңір бойынша департаментінің басшысы болып Әлем Уәлиев тағайындалды.

Әлем Уәлиев 1978 жылғы 2 қыркүйекте Ақтау қаласында дүниеге келген.

Ол 2003 жылы Қазақстан экономика және құқық институтын, 2007 жылы Каспий қоғамдық университетін тәмамдаған. Сондай-ақ, 2023 жылы Қазақстан жетекші сәулет және құрылыс академиясын құрылысшы-инженер мамандығы бойынша аяқтады.

Жаңа лауазым иесі алғашқы еңбек жолын 1998 жылдың 1 қазанында Атырау қалалық салық комитетінде инспектор болып бастаған. Кейін аға салық инспекторы міндетіне бекітілді.

Сондай-ақ, әр жылдары "Семсер" ЖАҚ-тың өрт сөндіру күзетшісі, жөндеу және техникалық қондырғыларға қызмет көрсету жұмыстары жөніндегі 2 разрядты слесары, Атырау облысы бойынша салық комитетінде жетекші маман, бас маман, Атырау облыстық Прокуратурасында бас маман, Атырау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінде бас маман болып еңбек етті.

2008 жылдан Атырау облысы балалардың құқықтарын қорғау Департаментінің әкімшілік-қаржы бөлімінің басшысы, 2010-2011 жылдары "Ақпараттық технологиялық орталығы" КМК басшысы, 2012-2013 жылдары Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің "қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС басшысы болып еңбек етті.

Ал 2014-2016 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары, қалалық құрылыс бөлімінің бухгалтерлік есеп және есептеу секторының бас маманы, бөлім басшының міндетін атқарушы, 2021 жылдан Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Атырау облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2023 жылдан осы күнге дейін Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, департаментінің басшысы міндетін атқарған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Аслан Сабазұлы Абдраимов су ресурстары және ирригация вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

Аслан Сабазұлы 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы жекеменшік компанияда бастаған. Әр жылдары құрылыс және логистика саласында жұмыс істеді.

2010-2024 жылдары — «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі директоры, интеграцияланған шешімдер департаментінің директоры.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен қаланың қоммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы лауазымына Дулат Ашкенов тағайындалды.

Дулат Ашкенов 1987 жылы 7 маусымда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің түлегі.

Еңбек жолын 2008 жылы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім маманы қызметінен бастаған.

Әр жылдары Қарағанды облысының жол-көлік инфрақұрылымы мен жолаушылар көлігін дамыту бойынша мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді.

2017-2022 жылдары Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппаратында жұмыс істеді, Астананың активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасында басшылық лауазымдарды атқарды.

2022 жылдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары болды.

Соңғы жаңалықтар