Қазақстан TikTok-ты жапса, неден ұтылады - BIP House продюсері пікір білдірді

блогер
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі күндері TikTok жабыла ма, әлде ішінара шектеле ме деген сауал күн тәртібіне шығып алды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында TikTok-тағы заңға қайшы барлық контентті шектеу керек деген пайымын білдірді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Мәселе қарастырылады» деген пікірі елдегі жетекші TikTok-хаустардың басшыларын да алаңдатып отырған сыңайлы.

ТМД көлеміндегі ең танымал платформа BIP House негізін қалаушы Асхат Халимов Kazinform тілшісіне осы төңіректегі бастамалар туралы пікір білдірді.

«Біздің ойымызша, бұғаттау деген сондай бір ойланып барып қабылданған шешім болмас. Қазір Қазақстан бұл тұрғыда өзге елдердің алдында бәсекелестік басымдыққа ие. Орталық Азияның, тіпті бүкіл Азияның ең танымал TikTok блогерлері бізде. Біз – адамдарға креативті контентін дамыту мүмкіндігін беріп отырған таза демократияның айлағымыз. Креативті индустрия форумында Президентпен кездескенде ол кісі де TikTok өкілі Қазақстанға келіп өзімен кездескенін айтты. YouTube немесе Instagram өкілдерінің Мемлекет басшысымен келіп кездескенін естімеппін», - дейді Асхат Халимов.

Асхат Халимов
Фото: А. Халимовтың жеке мұрағатынан

Оның мәліметі бойынша, елде 32 TikTok-хаус бар. Оның екеуі ТМД бойынша ең танымал платформа болып есептеледі. Бұл әлеует Қазақстанды TikTok-тың Орталық Азиядағы digital-хабы ете алады.

«TikTok-тың қазақстандық сегментінде 15 мың блогердің оқырман саны мыңнан 100 мыңға дейін барады. Оқырман саны 100 мыңнан 1 миллионға дейін баратын 300 блогер, 1 миллионнан 56 миллионға дейін аудиториямен жұмыс істеп жүрген 45-50 блогер бар. TikTok-та 1-15 жыл бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан блогерлер айына 200-400 мың теңге аралығында табыс табады. Оқырман саны 100 мыңнан асатындардың табысы 1 млн теңгеге дейін жетеді. Ал 1 миллионнан астам оқырманы бар блогерлердің табысы 10 млн теңгеге дейін барады», - дейді продюсер.

Сондай-ақ, TikTok платформасында жағымсыз тенденциялар көп дейтін пікірлерге жауап берді.

«Мысалы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде өзге палтформалардан қарағанда порнографиялық мазмұн көп. «Телеграмм» желісін есірткі жасырушылар қалай пайдаланатынын көріп отырмыз. Ал Instagram жарияланған контентті бұғататмайды деуге болады», - дейді Асхат Халимов.

Оның сөзінше, TikTok бұл мәселелерде өте сақ.

«Бізде «Отбасы бақылауы» дейтін пайдалы функция бар. Осы арқылы қолданушыларды бейәдеп контенттен қорғап, плафторманы қолдану ережесін қадағалаймыз. Оның үстіне, 18-ге толмаған қолданушыларымыз видео жүктей алмайды және олардың контенті бірден бұғатталады. Демек, балалар TikTok-та блогер болып, пікірін бөлісе алмайды. Instagram-да ондай шектеу жоқ», - дейді ол.

Бұл сөзіне ол «Аминка Витаминка» атымен танылып кеткен блогердің TikTok-тағы аккаунттарын мысал етіп келтірді.

«Қазір ол төртінші аккаунтын ашты. Уақыт өте келе оны да бұғаттайды. TikTok боттарды да анықтап, бұғаттап отырады. Кейбір блогерлер өңі тым жас болғаны үшін жас шектеуінен зардап шегіп жатады. Луна деген блогердің жасы 22-де болғанына қарамастан, түрі жас болғаны үшін ғана екі бірдей аккаунтын бұғаттап тастаған. Сондықтан бізден тарап жатқан контентті басқарып, бақылау жағы өзге әлеуметтік желілерге қарағанда жолға қойылған. Бірақ біздің платформаны да теріс пиғылда пайдаланатындардың бар екенін жоққа шығармаймын», - дейді продюсер.

Сондай-ақ, ол TikTok тікелей эфирлерді қатаң қадағалайтынын айтады.

«Тікелей эфирге шығып теріс пиғылдағы контент таратып отырғандарға 5 шағым түссе бұғаттап тастай алады. Біздің BIP House-да бір қыздың білегі ашық болғаны үшін ғана эфирін бұғаттады. Бір қолданушыға ұнамай қалып, 5 рет шағым жіберген екен. Сол үшін эфир жабылды», - Асхат Халимов.

Продюсер сөз соңында Қазақстан TikTok-ты жабу немесе шектеу туралы шешім шығармай тұрып, нарықтың қаншалықты дамып кеткенін ескеру керек деп есептейді.

Соңғы жаңалықтар