Қиын Керішке жету қиын: Марсқа ұқсайтын ШҚО-дағы атақты шатқалдың сыры неде

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында тылсымға толы, тарихи әрі тайғажайып шатқал бар. Онда барсаңыз құдды бір Марс планетасына түскендей боласыз. Қиын Керіштің қызыл адырларының арасында жүріп ерекше сезімге енесіз. Бұл шатқал түсін де құбылтып тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Қиын Керішті көру үшін белгілі тарихшы, ғалым Борис Щербаковпен бірге жолға шықтық. Өткенде сапарымыздың басында Күршім мен Зайсан аудандарының арасындағы жол жиегінде әлемнің тек бірнеше елінде кездесетін тораңғы ағашын көргеніміз жайлы жазған едік.

Шынын айтқанда, бала күннен Шығыс Қазақстанда тұрсам да осы жерге алғаш табаным тиді. Жолда елдің бәрі мұнда неге бара бермейтінін түсіндім. Себебі салынған соқпақ жоқ, тау мен тасты кезіп жүріп табуың керек. Көлігің аласа болса сапарға шықпай-ақ қойғаның ләзім.



Қиын Керіш – Күршім ауданының орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 95 шақырымдай жерде орналасқан. Ол үшін «Қалғұты-Қалжыр» тасжолы бойымен жүруіңіз керек. Қалғұты ауылынан асқаннан кейін шамамен 18 шақырымдай жерден атақты шатқал менмұндалайды. Біз мінген автобус жүргізушісі де шатқалды алғаш көрмекші. Сондықтан арасында адасып кетіп отырды. Әйтеуір түбінде діттеген жерге жеткізді.



Бірақ біз келгенде адырлар қызылға боялмай тұр екен. Қою қоңыр болып көрінді. Сөйтсек, шатқалдың түсін құбылтып тұратын қасиеті де бар. Оның егжей-тегжейін Борис Щербаков айтып берді.




«Бұл шатқал миллиондаған жыл­ бойы теңіз түбінде жатқан. Содан осындай ерекше күйге түскен. Құлама жарлар, адырлар мен топырақ қызыл, қызғылт, қоңыр, сары, ақ, көк және басқа да сан түрлі түсті. Кейде қып-қызыл болатын адырлар бүгін түс кезінде қоңыр болып тұр. Үңіліп қарасаңыз арасынан қызыл реңкті де байқауға болады. Кешке немесе таңертең шатқалдың түсі өзгеріп отырады», - деді ол.



Мұндағы топырақ құрамы ақ балшықтан тұрады. Сондықтан қар, жаңбыр жауғанда балшық еріп, шатқалға бару мұң болады. Жолда батып қалған көліктердің шығуы екіталай. Бәлкім, шатқалдың «Қиын Керіш» деп аталуы да содан шығар. Ал «Керіш» сөзі түркі тілінде тау, жота деген мағынаны білдіреді екен.



Табиғаттың тамашасына таңқалмасқа шараң бар ма?! Түрлі түстер араласқан шатқал арасында жүріп, ерекше әсер алып, өзгеше күйге енеді екенсің.

Басқа планетаға түсіп кеткендейсің. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Оскар» иегері Мэтт Деймон ойнаған атақты «Марсианин» киносын осында да түсіруге болатын секілді.





Ойға шомып тұрғанымызда «Келген сайын Қиын Керіш әр қырынан көрінеді» деп қалды Борис Щербаков. Талай рет мұнда табаны тиген тарихшы ғой. Ал біз бірінші рет келгендіктен әзірге айта алмаймыз. Бірақ рас секілді.





Сәлден соң қайта автобусқа қарай бет алдық. Алда бізді Шекелмес деген тарихқа да, әсемдікке де бай жер күтіп тұр (Ол туралы алда толығарақ жазамыз).


Соңғы жаңалықтар