ШҚО-да әлемде сирек кездесетін екі түрлі жапырақты ағаш өсіп тұр
Биыл шілде айында 84-ке келетін Борис Щербаков әлі тың. Қимылы ширақ, санасы сергек. Оны тауға жүгіріп шығып, тасты секіріп өткенде көрдік.
Бұл бәлкім оның өмір бойы қозғалыста, табиғат құшағында жүргенінен болар? Себебі тарихшы осы уақытқа дейін Қазақстанға, Орта Азия елдеріне, Үндістанға, Вьетнамға және басқа да мемлекеттерге 300-ден астам экспедиция жасаған.
Ал санасы сергек дегенім – әр жердің тарихын кеше ғана-ақ мектептегі концертке өлең жаттаған озат оқушыдай мүдірмей айтып тұр.
«Борис Щербаков мәдениет қызметкерлеріне тарихи жерлерді аралатады» дегенді естіп қалып, «Біз де бірге жүрсек» деп қолқа салғанбыз. Келісе кетті.
Сөйтіп, сол сапарға мәдениет саласында еңбек етіп жүрген 30-ға жуық адам арасында жалғыз тілші болып біз еріп бардық.
Бұл сапардың негізгі мақсаты – қызыл таулы, құдды бір Марстың Жер планетасындағы бір бөлшегіне ұқсайтын атақты Қиын Керішті көру (Бұл тау туралы сайтымызға алдағы уақытта кеңірек жазамыз). Өскеменнен бозара атқан таңмен аттандық.
Күршім мен Зайсан аудандарының арасындағы жолда келе жатқанда Борис атамыз автобус жүргізушісіне тоқта деп ишара білдірді. Оның айтқаны заң.
Тежеуіш басыла сала Борис Щербаков сыртқа оқтай ұшып шықты. Жол жиегі еңіс екен. Жүгіріп түсіп кетті.
Сүт пісірім уақытта қайтып келіп «Өтіп кетіппіз. Сәл артқа жүру керек» деп автобусқа мінді. Жүргізуші айтқанын бұлжытпай орындады.
Қайтадан құстай ұшып барып келген тарихшы «Келдік. Осы жер. Түсіңіздер» деді. Бәріміз топырлап сыртқа шықтық. Таяқ тастам жер емес, бірнеше минут жаяу жүрдік.
Щербаковтың соңынан бәрі бірдей қалыспай жүре алмады. Зейнетке де шықпаған кейбіреулер шаршап ентігіп қалып жатты.
Ал сексеннің сеңгірінен асқан ғалым алдыда алшаң басып келеді.
Кенет алдымыздан бұрын-соңды көрмеген ерекше ағаш шықты. «Бұл ағаш тораңғы деп аталады. Әлемнің тек бірнеше елінде кездеседі. Ыстыққа да суыққа дәл осы тораңғыдай төзетін жер бетінде ағаш жоқ», - деді Борис Щербаков.
Тораңғының тағы бір ерекшелігі – бір ағаш бұтақтарында екі түрлі жапырақ өсіп тұр. Бір жағындағы кішілеу болса, басқа тұсындағысы одан ірірек.
Ағаш өсіп тұрған жердің түсі – қою қоңыр.
«Бұл ағаш Қазақстан бойынша тек шығыста ғана бар ма?» деп сұрадық тарихшыдан.
«Жоқ, оңтүстік жақта да өседі. Бірақ біздің облыста тек осы жерде ғана. Көне заманда бұл ағаш қасиетті деп саналған. Оны кесуге де тыйым салған», - деді ол.
Ағашты әр қырынан тамашалап, фотоға түсіріп алған соң автобусқа қарай бағыт алдық. Алда бізді Қиын Керіш күтіп тұр.