Маңғыстау спортында түбегейлі өзгеріс жасалады

Спорт
Фото: Жамбил облысы әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысындағы бес спорт мектебінде жаңа тағайындау болды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша, жаңа басшылар арқылы спорттағы әлеуетті арттыру міндеті жүктеліп отыр.

«Саланың кадрлық әлеуетін арттыру өте маңызды. Сапалы, білікті әрі тыңғылықты іріктелген кадрлық құрам — жоғары нәтижелерге қол жеткізудің кілті. Спорттық нәтижелердің жақсы болуы білікті менеджментке тәуелді. Тағайындалған басшылық спорттық нәтижелерді дамытуға бағыт беріп, айтарлықтай жемісті жұмыс істеуі қажет. Спорттық нәтижелер кешенді, нақты, кей жағдайда батыл шешімдер қабылдауды қажет етеді. Осыған орай, біз бірқатар бастаманы қолға алып, жаңашылдыққа қадам бастық», — деді Мақсат Мұқаш.

Сонымен қатар, ол қолданыстағы ережеге сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемелердің басшылығы 3 жыл сайын аттестациядан өтуі тиіс екенін атап өтті.

«Алайда 8 жыл бойы аталған аттестация өткізілмеген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін кезекті аттестациядан өткізуге осы жылды бекіттік. Аттестациядан басқармаға қарасты спорт мекеменің басшылары мен орынбасарлары өтетін болады», — деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, конкурстың нәтижесінде өңірлік «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне дзюдо және самбо күресінен ҚР спорт шебері Жомарт Қобланов жаңа басшылыққа келді.

Сондай-ақ, «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен Маңғыстау облыстық ЖСШМ басшылығына Азамат Әбілов бекітілді.

Бұдан бөлек, «Ақтау қалалық теннис бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Ержан Кожаев жаңа басшы болып тағайындалса, Теңге ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Берік Сыдыков бекітіліп отыр.

Сонымен қатар, Ақтаудағы «Маңғыстау арена» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Жаслан Нежимов жаңа басшы болып тағайындалды. Ол осыған дейін Түпқараған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Ақшұқыр ауылдық филиалының жетекшісі қызметін атқарған.

Осыған дейін «Каспий» футбол клубының жаңа директоры тағайындалған болатын. Бұл қызметке осыған дейін директордың міндетін уақытша атқарған Нұржан Жалғасбаев бекітілді.

Соңғы жаңалықтар