Сенатор вандализм үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Андрей Лукин
Фото: ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында еліміздегі вандализмнің жиілеп кеткені туралы мәселе көтерді. Депутат 2023 жылы бес мыңнан астам тұрғын абаттандыру ережесін бұзғаны туралы деректі жария етті.

Оның айтуынша, тәртіп бұзғандар жасыл желек пен ағаштарды жойып жіберді, аялдамалар мен лифттерді бұзды, басқа да инфрақұрылымдық және көшедегі сәндік нысандарды қиратты.

«Бір кездері Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалында адам есімін балға-қашаумен ойып жазған мәдениет саласы шенеунігінің әрекеті жұртшылық арасында резонанс туғызған болатын. Сонда ол адамдарды осындай әрекетке кім итермеледі? Әрине, бұзақылардың әрекеті заң бойынша қудаланады және тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуы да, қамауға алынуы да мүмкін. Тиісті заңнамалық түзетулер былтырдың басында қабылданды. Дегенмен, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз», - деді сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында. 

Андрей Лукин Парламент депутаттары вандализм көріністері үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесін пысықтап жатқанын, сондай-ақ Үкіметке онымен күресу тетіктерін ұсынғанын хабарлады.

«Вандализм үшін жауапкершілікті күшейтуді және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынамын. Сонымен бірге, қазіргі кезде вандализмге қарсы күрес негізінен құқықтық салада жазалау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан халықаралық оң тәжірибені пайдалану мүмкіндігін қарастыру және вандализмнің алдын алуда креативті индустрия өкілдерінің қатысуын пысықтау маңызды. Олар өз өнімдері арқылы заңсыз әрекеттің алдын алуға, жастардың мәдениетін көтеруге ықпал етеді, яғни мұндай әрекеттердің заңсыздығын тиімді тәсілдермен түсіндіре алады», - деді депутат.

Еске салсақ, былтыр Маңғыстаудағы Ыбықты сайына қашап жазу жазып, кейін кешірім сұраған Ақтөбе қалалық зағиптар үйінің директоры Манат Көшербаев өз еркімен жұмыстан кетті. 

Соңғы жаңалықтар