«Шэньчжоу-18» ғарыш кемесі Қытай ғарыш станциясымен түйісті

«Шэньчжоу-18» ғарыш кемесі Қытай ғарыш станциясымен түйісті
Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Бортында үш тайконавты бар «Шэньчжоу-18» ғарыш кемесі жұма күні таңертең Қытайдың орбиталық станциясымен сәтті түйісті. Бұл туралы Қытайдың Басқарылатын ұшу бағдарламасы басқармасынан хабарлады.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, жұма күні «Шэньчжоу-18» кемесінің бортындағы үш ғарышкер «Тяньгун» ғарыш станциясына кірді.

Жаңа экипаж орбитада алты айға жуық уақыт болады. Қазір орбитада жүрген «Шэньчжоу-17» экипажы ғарышкерлер ауысқан соң осы айдың соңында Жерге оралады.

Еске сала кетсек, «Шэньчжоу-18» басқарылатын ғарыш кемесі бейсенбі күні Ганьсу провинциясындағы Цзюцюань спутниктік ұшыру орталығынан ұшырылып, «Тяньгун» орбиталық станциясына үш адамнан тұратын экипажды жеткізді.

«Шэньчжоу-18» ғарыштық миссиясын қытайлық ғарышкерлер Е Гуанфу, Ли Цун және Ли Гуансу жүзеге асыруда.

Қытайлық «Тяньгун» орбиталық станциясы шамамен 400 км биіктікте орналасқан және «Т» тәрізді нысан үлгісінде салынған. Ол 2022 жылы тұрақты пайдалануға берілді және үш адамға арналған (бригадалардың ауысуы кезінде қысқа уақытқа алты адамға дейін).

Соңғы жаңалықтар