СҚО-да иіс тиіп уланған әйел мен сегіз баласының беті бері қарады

пациент
Фото: Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Антоновка ауылында көміртегі тотығына уланған тоғыз адамның жағдайы жақсарды. Бүгін әйел үйіне жіберілсе, жансақтау бөлімінде жатқан балалар ортақ палатаға ауыстырылды.

Осы оқиғаға қатысты бүгін брифинг болды. СҚО Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, 25 сәуірге қараған түні сағат 2.00 шамасында отағасы от жағып, жұмысына кеткен. Ол жергілікті серіктестіктің бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал балалар мен олардың анасы үйде қалған. Әйел пеш жанып бітпей, мұржасын ерте жауып тастаған.

«Таңертең ер адам үйге келгенде әйелі мен балаларының уланғанына көрген. Бірден ауруханаға жеткізді. Бұл отбасы екі жыл бұрын арнайы бағдарлама арқылы Маңғыстау облысынан көшіп келген. Көпбалалы болғандықтан біздің есебімізде болды», - дейді Аслан Ахметжанов.

Қазіргі уақытта анасы мен балаларының жағдайы жақсы.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Раиса Құсайынованың айтуынша, әйелге де, балаларға да тиісті ем-дом жасалды. 8 баланың барлығы балалар бөлімшесінде жатыр. Әйел өзін жақсы сезінуіне байланысты үйіне жіберілді.

Жалпы биыл СҚО-да өртте 12 адам қайтыс болды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 % көп.

Естеріңізге салайық, 25 сәуірде СҚО-да бір үйдің 9 адамы көміртегі тотығынан уланып, ауруханаға түскенін айтқан едік.

Жағдайы ауыр бес бала бірден жансақтау бөліміне орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар