СҚО: Соленое көлінде балық кәсіпкердің кесірінен қырылғаны анықталды

браконьер
Фото: СҚО ПД

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Соленое көлінде балықтың қырылуына жеке кәсіпкердің бейғамдығы себеп болған. Аэрация жұмысының уақтылы жүргізілмеуінен су жәндіктері оттегі жетпей, тұншығып өлген. 

Жауапты мамандар СҚО Есіл ауданы Покровка елді мекенінің маңындағы Соленое көлінде балықтың қырылғандығын әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында білген.

Істің анық-қанығына жету үшін оқиға орнына жұмыс тобы аттанды. Оның құрамына мемлекеттік органдар, инспекция, экология департаментінің, ветеринария қызметінің өкілдері және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мамандары кірген. Көлден 150 келі өлген тұқы балығы жинап алынды. 

«Экология департаменті мен ветеринарлық қызмет балықтың қырылуына не себеп болғанын анықтау үшін көл суының, балық ұшасының сынамасын алды. Бүгінде оның қорытындысы белгілі. Балық қыста оттегінің жетіспеушілігінен қырылған. Бұл факті бойынша инспекция көлді пайдаланушыны жауапқа тарту бойынша құжат жинап жатыр», - дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Ильдар Какимов.

Естеріңізге салайық, сәуір айында Соленое көлінде балық қырылғанын жазған едік. Су айдынын «Чекунов» жеке кәсіпкерлігі жалға алған. 

Соңғы жаңалықтар