СҚО-дағы көлдердің бірінде балық қырылды

балық
Фото: primeminister.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Соленое көлінде балық қырылды. Қазіргі уақытта су жәндіктерінің неден өлгенін анықтау үшін судың және балық өлексесінің сынамасы зерттеуге жіберілді.

Соленое көлі Есіл ауданы Покровка елді мекенінің маңында орналасқан. Балықтың қырылғанын ауыл тұрғындары байқап, бейнежазбаға түсіріп алған. Айтуларынша, өлген балықта есеп жоқ. 

СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы факті бойынша мүдделі мемлекеттік органдардан құралған топ су айдынының аумағынан және өлген балықтан сынама алу және тексеру үшін жұмыс істеп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарламақ. 

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәлім еткендей, Соленое көлін «Чекунов» жеке кәсіпкерлігі жалға алған. Су айдыны 58 га аумақты алып жатыр. Орташа тереңдігі 1-2 метрден аспайды. 

Бұған дейін СҚО-да 53 мектептің оқушылары су тасқынына байланысты қашықтан білім алып жатқанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар