Жүсіпбек ұстаған Құран кітап Бұқар жырау музейінде тұр

Жүсіпбек
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Жүсіпбек Аймауытұлы ұстаған құран кітап сақтаулы тұр. Жәдігерді заманында Баянауылдағы Әбілдә хазірет өзге діни кітаптармен бірге Бұқарадан керуен тарттырып алдырған екен.

Жүсіпбек туған қасиетті мекен ежелден «Әулиелі Қызылтау» өңірі деп аталады. Аумақта өлкетанушыларды қызықтырып отырған тарихи мекеннің бірі – шамамен ХХ ғасырдың басында хазірет Әбілдә Исабекұлы салдырып, бала оқытқан мешіт-медресе орны. Бұл діни оқу орнында заманында Жүсіпбек, жазушы, атақты сатирашы Қадыр Тайшықов сауатын ашқан. Әбілдә хазірет Бұқарадан керуен тарттырып, 10 түйемен 10 мәрте барғызып, үйіп-төніп діни кітап алдыртқан. Сонда түйеден түсірілген кітаптар атырапты алып жатады екен.

мола
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

1936 жылы большевиктер медресені талқандағанда жұрт оның ішінде қаланып тұрған Құран кітаптардың барлығын Қадырдың атасы Тайшықтың моласына апарып үйген. Тайшық атаның кесенесі биіктеу әрі үсті ағашпен жабылғандықтан, кітаптар ұзақ жылдар бойы сақталып келіпті. Алайда кейін төбесі жанып кетіп, кітаптар бүліне бастаған соң жергілікті азаматтар бүтін қалғандарын үйлеріне тасып әкеткен. Жүсіпбек ұстаған Құран кітаптың бірін өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев аман сақтап қалып, Баянауылдағы Мұса мырза мешітіне тапсырыпты. Әлгі кітаптың алғашқы бетіне белгісіз біреу латын әліпбиімен медресенің өртелген уақытын жазып қалдырған.

Жүіспбек
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Ж. Аймауытұлының 135 жылдығына орай тарихи жәдігерді Баянауыл ауданының бас имамы Саян Қожин Бұқар жырау музейіне аманат етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Баянауылда Жүсіпбек Аймауытұлы негізін салған Мәдени кіндік мекені жайында сипаттап жазған едік.

Соңғы жаңалықтар